7 желтоқсан — Халықаралық азаматтық авиация күніне орай ел ішіндегі ерекше тұлғалардың бірі — Сапар Ысқақұлының өмір жолы мен авиацияға қосқан үлесі туралы қуанышты жаңалықпен бөліскіміз келеді.
Адам баласының көкке көтерілуге деген арманы — ежелден келе жатқан ұлы мақсаттардың бірі. Сол арманды ақиқатқа айналдырып, аспанмен сырласқан жандардың бірі — белгілі қоғам қайраткері, саяхатшы Сапар Ысқақұлы.
Ол авиация саласына қызығушылығын жастайынан жоғалтпаған. 2020 жылы Киев қаласындағы Ұлттық авиация университетінің магистратурасын үздік аяқтауы — оның білім мен ғылымға деген шексіз құштарлығын көрсетті. Арада екі жыл өткен соң, 2022 жылы, 81 жасында, Астана қаласындағы Авиациялық оқу орталығында жеке пилоттарды даярлау курсын сәтті аяқтап, екі орындық TL-2000 ұшағымен көкке көтерілді. Бұл – жасқа емес, мақсат пен табандылыққа бағынатын нағыз ерлік.
«Аспанда еркін самғау – еркін ойдың, еркін елдің белгісі. Біз жастарды шабыттандырып, көк аспанға жол ашуымыз керек. Авиация тек көлік емес, бұл болашақтың қақпасы», – деп тебіренеді Сапар Ысқақұлы.
Осы идеяны жалғастырып, биыл Амангелдіде жеке аэродромның ұшу-қону жолағының құрылысы басталды.
Бұл –өңір үшін маңызды оқиға. Шағын авиация мен әуе туризмін дамытуға бағытталған бұл бастама болашақта үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.
Ақбаян Теміржанова
Амангелді ауданы
