Қостанайлық спортшы ел чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанды

Қостанайлық спортшы ел чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанды

Өскемен қаласында өткен дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионаттан жерлестеріміз олжалы оралды. Лаура Кусалина осы жарыста Қазақстан республикасының екі дүркін жеңімпазы атанып отыр.

“Садақ атуға 2022 жылдың жазында келдім. Басында өзімді сынап көру үшін қатысқан едім. Бірақ маған бұл спорт бірден ұнады. Одан әрі спорттағы жолымды таптым деп ойлаймын”, – дейді Қазақстанның дәстүрлі садақ атудан екі дүркін жеңімпазы.

Содан былтыр Астанада өткен ҚР чемпионатына қатысты. Ол Лаураның алғашқы чемпионаты болатын.

“Шынымды айтсам, ол жолы орын аламын деп ойлаған жоқ едім. Мамыр айында басталатын жарыстың сәуір айынан барлық жаттығуларына қатысып шықтым. Нәтижесінде алғаш рет гран-при иесі атандым”, – дейді ол

Биыл жаттығу сол себепті оған қиынырақ болды. Өйткені Лаура биыл мектепті алтын медальмен бітіріп, ҰБТ – ға дайындалды. Маңызды дайындықтарын жиі өткізіп алуына тура келді. Бапкері мен жақындарына деген сенімінің арқасында жеңіске жетіп, Қазақстанның екінші алтынын жеңіп алды.

Бапкері Аяулым Аппазова Өскемендегі чемпионат оның балалар лигасындағы соңғы чемпионаты екенін айтып отыр.

“Ол осы чемпионатта бірінші орынды иеленді. Екі дүркін чемпион болды. Биыл жасөспірімдер құрамасынан, жастар құрамасына өтеді. Күзде жастар арасында ҚР чемпионатына қатысады”, – дейді Аяулым Аппазова.

Осы облыстық жасөспірімдер құрамасында Амира Есенгелді де жақсы дайындалып жүр.

Сол Лаура қатысқан “Пута” нысанадан Амира үшінші орынға ие болды. Былтырғы жарыста қола жүлдегер атанған ол, биыл да осы нәтижесін қайталады.

Ер балалар арасындағы қалқан нысанасы бойынша Ерали Алмасов үшінші орын алды. Жамбы нысанасында он тоғыз оғы тиіп, жетеуі ғана қадалды.

Бүгінде ұлттық спорттың осы түріне билік тарапынан да көп көңіл бөлініп келеді. Қостанайдың орталығда заттығу залдары жұмыс істеп тұр. Клуб мүшелерінің осы үшін басшылыққа деген айтар алғыстары шексіз.

“Былтыр қарашадан бастап балалар толық Ұлттық спорт мектебінің құрамына көшті. Балалар қазір тегін жаттығады. Жарыс шығынын мемлекет төлеп береді”, – дейді бас бапкер.

Садақ ату дәстүрі ұлттық спорт түрлерінің құрамына осыдан үш жыл бұрын ғана енгізілді. Алғашқы чемпионат Жаңаөзенде ұйымдастырылып, кейін Астана, Өскенменде өтіп отыр. Осы көшке өзге ұлт өкілдері мол шоғырланған Қостанай жұрты да бір кісідей ілесті. Облысымызда ұлттық спорт түрлері жақсы дамып келеді. Соңғы өткен біріншіліктерден облыс құрамасы жүлдесіз оралған жоқ. Екі дүркін жеңімпаздың Қостанай өлкесінен шығуы ұлттық спортқа деген осы бір оң көзқарастың жемісі.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суреттер Ұлттық спорт мектебінен алынды

Жаңалықтармен бөлісу