Жапа шегуші ер адам полицияға жүгініп, әлдекімнің өзінен алты ай ішінде тұрақты түрде ақша бопсалап келгенін хабарлады.
Облыстық ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол бұрын сотталған 29 жастағы азамат болып шықты.
– Тергеу барысында оның 2023 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында күш қолданып, қорқытып, жәбірленушіге тиесілі 17 млн теңге сомасында ақшалай қаражатты иемденгені анықталды, – деді Қостанай облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Серік Байғонов.
Жедел тергеу іс-қимылдарын жүргізу барысында күдікті анықталып, ұсталды, одан қару-жарақ және есірткі тәркіленді.
Қазіргі уақытта күдіктінің өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілу үстінде.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы (Бопсалау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.