Қорғаныс саласының ардагері: “Әскерден жалтару – ерге сын”

Қорғаныс саласының ардагері: “Әскерден жалтару – ерге сын”

Қазақ жастарының патриоттық сезімін, Отанға деген сүйіспеншілігін ояту – маңызды міндет. Жігіт болып, жілігі толған ер-азамат ел алдындағы борышын өтеуге жауапты екенін жете түсінуі қажет. Қорғаныс саласының ардагері, зейнеткер Берік Нұғманов осындай пікірде. Ол әскерге барудан тайқығысы келген немересіне де аталық ақылын айтып, жауынгерлер қатарына апарып қосқан…

Темірдей тәртіп, тегеурінді мінез, төзім мен жігер – Берік Хамзаұлына жас күнінен тән болмыс. Өзі Ресейдің сонау Буриятиясында, қақаған қысымен шыңдалып, екі жыл әскери борышын өтеген. Кейін туған жері Амангелдіге оралып, аудандық әскери комиссариатта табаны күректей жиырма жыл қызмет етіпті. Осы жылдар бедерінде қашан зейнетке шыққанша жастармен жіті жұмыс істеп, мектептерде үнемі үгіт-насихат жүргізіп, патриоттық тәрбие беру ісіне көп еңбек сіңірген екен. Алған атақ, иеленген марапаты да аз емес. Солардың бірі – министрлік 2016 жылы табыс еткен «Еңбек ардагері» медалі. Жасы жетпіске келген ақсақалдың үйреншікті әдетпен әлі де елдік іске алаңдаумен жүргені. Оны әскерден қашатын жастардың көбейіп бара жатқаны толғандырады. Таяуда азаматтық борышын өтеп келуге желкесі жар бермей жүрген немересін өз қолымен апарып, әскери комиссариатқа табыстапты.

            «Өз кіндігімнен ер бала жоқ, екі қызым ғана бар. Үлкен қызымның ұлын бауырыма басып, «атасының баласы» етіп алдым. Ол Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университетке оқуға түсті. 2-курс оқып жүргенінде, өзім зейнеткер болғандықтан, зайыбыммен Қостанайға көшіп келдік. Бұл 2020 жыл, пандемия кезі болатын. Ол оқу бітірген соң әскерге барғысы келмейтінін айтсын. Осыдан кейін үгіттеуді бастадым», – дейді Берік ақсақал.

Әуелде облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бұрынғы басшысына кіріп, өтініш жасап, әскерге шақыртуды алты ай мерзімге шегертеді. Мұның да өзіндік себебі бар еді: немересі полицияға қызметке тұрмақ болып жүрген. Бірақ үш рет тест тапсырып, барлығында сүрінеді. Өзі «Астықжан» сауда үйінде бақылаушы болып қызмет етіп жүріпті. Осыдан соң «енді әскерге баруыңа тура келеді» деп, атасы немересінің алдына мәселені төтесінен қояды. Межелі мерзім, алты ай аяқталған күні, 24 мамырда үйге екі полицей де ұлды іздеп келіп, комиссариатқа алып кететіндерін айтады.

            «Әуелі баламның телефонына шақырту жіберген екен. Оны немерем ашып оқымаса керек. Содан, ойымда ештеңе жоқ, жұмыс орнының мекенжайын бере салдым. Ал олар «Астықжанға» бара сала, ұлымды күштеп комиссариатқа алып кетіпті. Өйтпеген жағдайда да өзім келесі күні-ақ жетелеп алып барар едім ғой. Әрине, олардың да берілген бұйрықты орындауға мәжбүр болғанын түсінемін. Бірден департаментке барлық мән-жайды айтуға, бір күнге сұрап алуға бардым. «Қойнымда бір күн болып шықсын, сосын өзім апарып табыстаймын» дегенді айту ойда еді. Департаментте басшы ауысып жатқан кез. Ұзақ жиын болып, түн ауғанша күтіп, бастықтың Манарбек атты орынбасарымен жолықтым. Құжатымды көрсетіп, мәселемді жеткіздім. Мың болғыр азамат екен, ардагердің өтінішін жерде қалдырмады. Көп рахметімді айтамын», – дейді қария.

Берік әкей уәдесінде тұрып, келесі күні айтылған уақытта немересін комиссариатқа алып барыпты. 25 мамырда тексерістен өтіп, 26 мамырда вокзал басынан әскерге шығарып салған. Ұлы Бейсен Ермахан қазір Алматыда азаматтық борышын өтеп жатыр екен.

(немересі Бейсен Ермахан ортада)

            «Қазір әскердегі жағдай жақсарды ғой. Күтімдері, ас-ауқаты жақсы, жеміс-жидекке дейін береді. Күнде кешкілік қолдарына камерасыз телефон ұстатып, туыс-туғанмен хабарласуға рұқсат еткен. Біздің кезімізде мұндай мүмкіндіктер болды ма? Ендеше, бүгінгі балалар неден қорқады, неге қашады? Бір жыл деген не, тәйірі? Қазір баламның әскерге бармаған жолдастарының бәрі жан-жақта қашып жүр. Ер-азаматқа тән қылық па бұл? Еліміз де тыныш, бетін аулақ қылсын, Украинадағыдай соғыс болып жатса екен, сарбаздарымызды ешқайда жіберіп жатқан жоқ. Елді ұрпағымыз қормағанда кім қорған болмақ? Әрине, анда-санда әскердегі өлім-жітім, оқыс жағдайлар туралы хабарларды естіп жатамыз. Ондай оқиғалар кеңес заманында да болған…», – дейді Б.Нұғманов.

Әрине, әскерге қабылдау кезіндегі олқылықтар да қарияның шымбайына батады. Әсіресе, «шаш ал десе, бас алатын» тәртіп сақшыларының түлектерді оқу орнынан күштеп алып кетуі, медициналық тексеріске атүсті қарау секілді кемшіліктер жойылуы керек деп есептейді.

            «Қызметке жарамсыз, денсаулығында кінәрат бар, асыраушысы жоқ балаларды әскер қатарына алу оқиғалары туралы естіп-біліп жүрміз. Тексеруден толықтай өтпеген бала әскерде ауырса, соңы қайғылы аяқталуы мүмкін ғой. Бұл әлбетте дұрыс емес. Тексерушілердің өзін тексеру керек. Әскерге оқу орны алдынан, жұмыс орнынан қойша ұстап әкету әрекетін де құптай қоймаймын. Жалпы, жастар арасында жақсылап үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, отансүйгіштік тәрбиені күшейту қажет. Оған ата-ана да, қоғам да жауапты! «Ұлым» дейтін ел болмаса, «елім» дейтін ұл қайдан шықсын» деген ұлт ұстазы Ахметтің сөзі қағидамызға айналуы тиіс», – деп ойын түйіндеді қария.

Құрғақ сөз, бос ұран айтпай, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлуді іспен дәлелдеп отырған Берік Хамзаұлы көпке үлгі. Ол немересін әскерден келген соң кез келген жұмысқа тұрғызуға бекініп отыр. «Ізімді басып, құқық қорғау саласына таңдауы түссе, тіптен разымын» дейді қария.

Жаңалықтармен бөлісу