Қостанайлық оқушы республикалық өнер байқауынан бас жүлдемен оралды

Қостанайлық оқушы республикалық өнер байқауынан бас жүлдемен оралды

Түркістан қаласында өткен «Наурыз Fest» балалар мен жасөспірімдер байқауында қостанайлық оқушы Айша Балғынбек Гран При иеленді. Ол өнерпаздар сынында жетіген аспабымен күй тартып, төрешілерін тәнті еткен.

Бұл байқауға елдің барлық өңірінен дарынды оқушылар қатысқан. Балдырған әншілер, бишілер және ұлттық аспаппен өнер көрсететін талапкерлер жас ерекшеліктері бойынша әр топқа жіктеліп сайысқа түскен. Республикалық деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысып отырған 10 жасар Айша Жанболатқызы облысқа зор олжамен оралып отыр.

            «Айшаның тобында әр облыстан келген 15 шақты үміткер өнер көрсетті. Қай-қайсысы да өз өңірлерінде іріктеуден өтіп, үлкен сахнада бақ сынауға жолдама алған дарынды балалар. Солардың ішінде осы шәкіртім Бас жүлде иеленді. Ол жетіген аспабымен Боранқұл Қошмағамбетовтің «Кең жайлау» күйін орындады. Алдына қойылған тапсырманы мүлтіксіз орындап, өз деңгейлестері арасында үздік екенін дәлелдей білді», – дейді жеңімпаз оқушының тәлімгері Әсем Искакова.

Айшаның «Айсұлтан» өнер орталығындағы Жетіген сыныбына барып жүргеніне небары бір жылдың көлеміндей ғана уақыт болыпты. Осы аз мерзім ішінде зеректігімен, еректігімен көзге түсіп үлгерген.

            «Жетіген аспабына деген қызығушылығым айырықша болды. Тез арада үйреніп алсам деп құлшындым. Апайымның сапалы тәлімі арқасында сол мақсатыма жақындап келемін. Түркістандағы жеңісім мені одан ары шабыттандыра түскендей. Болашақта бұдан да биік белестерді бағындыруға бар күшімді саламын», – дейді балдырған жетігенші.

 

 

Ол жетігеннен бөлек, домбыра үйірмесіне қатысады. Әншілік қабілетін де ұштап, қалалық, облыстық, республикалық байқауларда көрермен көзайымына айналып жүр. Қостанайдағы №20 мектептің озат оқушысы, қатарының алды. Облыстық «Оқы және жең» кітап оқу байқауына қатысып жатқанын да айта кету керек. Алғашқы кезеңінде Бердібек Соқбақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» шығармасынан берілген тапсырмадан толық 100 ұпай алған жалғыз оқушы. Талапты балдырғанның қадамы құтты, жолы ашық болғай!

Жаңалықтармен бөлісу