Осы дәстүр аясында қайырымдылық іс-шарасы өткізілді. Діни рәсімге облыс әкімі Құмар Ақсақалов та қатысты.
Тасаттық беру – ата-бабадан келе жатқан дәстүр. Аспаннан бір тамшы тамбай қалғанда, құрғақшылық болады-ау деп қауіптенген ел құдайдан жаңбыр тілеген.
Өңірдегі диқандар мен бір топ кәсіпкер бір ауыздан ұйығарымға келіп, қайырымдылық жасауға келіскен. Оған дін өкілдері, имамдар қолдау білдірді.
Іс-шара Аймағанбет қажы Спанұлы мешітінде жиыннан басталды. “Тәуелсіздіктің 25 жылдығы” саябағында да тілек-дұға айтылып, жиылған жұрт жаңбыр тілеп қол жайды. Бас имам Бахытбек қажы Тәжімбет жұртшылық алдында сөз сөйлеп, тасаттық ұғымының мән-маңызын түсіндірді.
Діни рәсімге байланысты облыс мешіттерінде көмекке мұқтаж жандарға жалпы көлемі 49 млн теңге көмек үлестірілді. Сонымен қатар, 22 ірір қара сойылып, оның еті халыққа таратылды.
Қайырымдылыққа қуанған қамкөңіл жұрт егіншілерге “қамбаларыңыз берекелі дәнге толсын” деген тілегін жаудырды.
Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ