“Realty KST” ЖШС газбетонды қабырға блоктарын шығарады. Зауыт директоры Дмитрий Швецов жобаға “Fortebank” арқылы 500 млн теңге инвестиция салған. Өңдеу өнеркәсібі саласына бет бұрған кәсіпкер шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағдарламасымен 6%-тік жеңілдетілген несие алған. Оған компания өнімділігі жылына 50 000 м3 автоклавты бетон шығаруға арналған технологиялық жабдықты сатып алды. Мұның сыртында логистикалық қызметтерге ақы төлейді. Жаңа өндіріс өз жұмысын биыл сәуір айында бастады.
– Біздің зауыт автоклавты бетоннан жасалған қабырға блоктарын шығарумен айналысады. Бұл блоктар жеке үй салушыларға да, құрылыс компаниялары үшін де өте тиімді. Блоктардың ерекшелігі сол, кәдуілгі кірпішпен немесе құйылған бетонмен салыстырғанда құны едәуір төмен. Бүгінде біздің кәсіпорында жетпіске тарта адам еңбек етеді. Биыл, алғашқы тоқсанның өзінде 5 926 м3 өнім саттық. Негізгі тұтынушылар-жергілікті құрылыс компаниялары,– дейді ЖШС директоры Д.Швецов.
Бұған дейін Қостанай өңірінде мұндай өндіріс ошағы болған емес. Дайын өнімдер Ресейдің Челябі қаласынан әкелінетін. Енді оған мұқтаждық жоқ. Мұнда өндіріс процесін автоматтандыру есебінен технологиялық тізбектің әрбір учаскесінде бір-екі ғана жұмысшы істейді. Зауытта шикізатты қайта өңдеу жүйесі жақсы жолға қойылған. Яғни, блоктардан қалған артық шикізат қайта пайдаланылады.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бейбіт Мейрамұлы