Қостанайлық ерікті Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIIІ сессиясына қатысты

Қостанайлық ерікті Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIIІ сессиясына қатысты

Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIIІ сессиясы өтті. Биылғы тақырып – «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу». Жиынға Парламент Сенатына ҚХА қатарынан сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы ұйымның өңірлердегі делегаттары қатысты. Олардың қатарында жерлесіміз Екатерина Гедзур да бар.

Ол қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілі. Областық ҚХА мүшесі. Тобыл мектеп гимназиясынын бастауыш сынып мұғалімі. Екатерина Гедзур тасқын кезінде көмекке барған жастың бірі.

«Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оған бүкіл ел куә. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүректен жүрекке» деген ауқымды акция жүргізілуде. Апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды. Мен өзім КХА мүшесі ретінде үлес қостым. Біздің қостанайға үлкен су келгенде бейжай қарамай көмекке шықтым. Мен жануарларды құтқаруға, қаражат жинауға көмектестім. Президент қиын шақта Қостанайға келгенде де кездесуге бардым», – дейді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апат салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өткен. Мұның бәрі өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі екенін айтқан. Сонымен қатар жастарға мүмкіндік беру керек екенін де тілге тиек етті.

«Сессияда көп мәселе айтылды. Келесі жылы Ассамблеяның 30 жылдығы екенін де атады. Бұл кұрылым өзін этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында сындарлы саясат жүргізе алатын тиімді құрал ретінде танытып келе жатқанын айтты. Осы сессияда қазақ тілінің маңыздылығына да тоқталды. Мемлкеттік тіл қазақ тілі екенін, оның меңгеру керек екенін ескерді. Осы орайда өзімнің қазақ тілін меңгеріп, еркін сөйлейтінімді мақтан тұтамын. Алдағы уақытта да Президент қойған тапсырмаларды жүзеге асырып, елге пайдамды тигізе берсем деймін», – дейді Екатерина Гедзур.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу