ҚОСТАНАЙЛЫҚ АСЛАН АХМЕТЖАНОВ — «ATLETICO DE MADRID» АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ШӘКІРТІ

ҚОСТАНАЙЛЫҚ АСЛАН АХМЕТЖАНОВ — «ATLETICO DE MADRID» АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ШӘКІРТІ

Қостанай облысының жас футболшысы Аслан Ахметжанов испандық атақты «Atletico de Madrid» клубының Орталық Азиядағы халықаралық футбол академиясына грант негізінде оқуға қабылданды. Бұл – жас спортшы үшін ғана емес, бүкіл Қостанай облысы үшін зор мақтаныш.

Ең бастысы – Аслан академияға грантпен қабылданған Қостанай облысынан шыққан алғашқы тәрбиеленуші атанды. Ақылы оқу құны айына 1 миллион теңгені құрайды. Ал Асланмен академияда 5 жылға келісімшарт жасалды.

Оның бұл жетістігінің артында бірнеше жылдық табандылық пен тынымсыз еңбек тұр.

Аслан бала кезінен Қамысты аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы Джовхар Умуртаевтың жетекшілігімен футболмен шұғылданды. 2023 жылы Қостанай қаласында өткен іріктеу барысында жас футболшының таланты байқалып, оны «Тобол-2014» командасына шақырды.

blank Содан кейін Асланның футболға деген махаббаты мен жауапкершілігі одан әрі арта түсті. Үш жылға жуық уақыт бойы ол Қамысты мен Қостанай арасында қатынап, бір мезетте «Қамысты» және «Тобол-2014» командаларының намысын қорғады. Жолдың қиындығына қарамастан, жаттығу мен ойындарды қатар алып жүрді.

blank

Бүгінде Аслан бір жылдан бері Қостанай қаласында тұрып, футболға толықтай ден қойған. Оның шеберлігін жаттықтырушы Олжас Ильясов шыңдап келеді.

Ал «Atletico de Madrid» академиясына іріктеу оңай болған жоқ.

2 000 үміткердің арасынан небәрі 70 жас футболшы келесі кезеңге өтті. Оның ішінде тек 20 спортшы ғана соңғы іріктеуден сүрінбей өтті. Сол жиырмалықтың қатарында Аслан да бар!

Енді жас футболшы кәсіби спортпен қатар ағылшын және испан тілдерін меңгереді. Сондай-ақ жақын және алыс шетелдерге, соның ішінде Испанияға оқу-жаттығу сапарларына баруға мүмкіндік алады.