Жеңістің 80 жылдығы – ел тарихындағы ең ұлы мерекелердің бірі. Осыған орай елорда төрінде, «Қазақ елі» алаңында өткен салтанатты әскери парадқа қарт майдангер, «Қостанай таңы» газетінің ардагері Қасымхан Алдабергенов қатысып келген еді.
Отан үшін от кешкен ардақты ардагерді «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы, AMANAT партиясы жанындағы «Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы Кенжеш Оразғалиқызы арнайы құттықтап барды.
«Сіздің еңбегіңізге, қайсарлығыңызға, даналығыңызға біз әрқашан сүйсінеміз. Алда келе жатқан жүз жас мерейтойыңызды ел болып тойлап, жақсы күндерде жүздесейік», — деді бас редактор.
Ал қарт майдангер жеңісті майдан даласында қарсы алғанын еске алып, сол кездегі қуанышты әсерін әлі ұмыта алмағанын айтты.
«Міне, сол тарихи сәтке де 80 жыл болыпты. Ұрпағымыз енді ондай қырғынды көрмесе екен. Күнде айтар тілегіміз осы», — дейді ардагер.
Батырдың лебізін естіп, жүрекжарды алғысын алу – өскелең ұрпаққа үлгі, мәңгілік өнеге.
Қасымхан ақсақалдың қажырлы жолы – ел есінде, ұрпақ жадында.