ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді.
Сапардың басты мақсаты – облыстағы су тасқыны жағдайын тұрақтандыру жұмыстарын үйлестіру.
Бір күн бұрын Тобыл өзені деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты, Тобыл және Қостанай қалаларында елді мекендерді су басу қаупі туындады.Қазіргі уақытта облыс бойынша 3132 адам құтқарылып, эвакуацияланды, оның ішінде 943-і — балалар.
Министр облыс әкімімен бірге эвакуациялау пункттерін, су басқан аумақтарды аралап, Тобыл өзеніндегі бөгеттердің қазіргі қалпын көрді. Қауіп-қатерге жедел ден қою және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстық жедел штаб барынша қарқынмен жұмыс істеуде.
Жұмыс сапары барысында министр облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен бірге Қостанайдағы Корей көпіріндегі бөгеттерді аралап көрді.
Қазір уақытша орналастыру орталықтарында 628 адам бар. Олардың 208-і — балалар. 66 тұрғын үй мен аула аумақтары су астында қалып отыр. Қауіпті елді мекендер қатарында «Садовод» саяжай қоғамы, Красный Кузнец және Нариман ауданының төменгі бөлігі бар.
Құтқарушылар халыққа және инфрақұрылымға төнетін қауіпті сейілту шараларын қабылдауда. Оқиға орнына 1366 адам, 305 техника, 123 мотор сорғысы, 27 жүзу құралы, 2 ұшақ жұмылдырылған. 790 мың текше метрден астам еріген су сорылды.
“Министр төтенше жағдайлар қызметіне халықты қорғау және су тасқынының ықтимал салдарын азайту үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды”, — делінеді облыстық ТЖД хабарламасында.
Бұған дейін Арқалық қаласы мен Аманкелді, Жанкелдин, Қарасу және Қостанай аудандарында төтенше жағдай жарияланғаные хабарлаған едік.