ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жұмыс сапары барысында мүгедектігі бар адамдарға арналған Қостанай облыстық оңалту орталығына барып, арнаулы әлеуметтік қызмет алушылар және су тасқынынан зардап шегіп, сол жерге уақытша орналыстырылған тұрғындармен кездесті.
Ведомство басшысы су тасқыны кезінде барлық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметі ерекше бақылауда екенін атап өтті. Үкіметтің бұл қамқорлығына су тасқынан зардап шеккен тұрғындар да дән риза.
«Қазір біз облыстық оңалту орталығындамыз. Өкінішке қарай, өңірімізде су тасқыны болуда. Сол себепті уақытша осында орналастық. Осы жерде бізді жақсы күтіп алды, бұнда таза, жылы әрі күніне үш рет тамақтандырады. Бәрі де өте жақсы ұйымдастырылған, қажет медициналық көмек те бар», – деді су тасқынынан зардап шеккендердің бірі Галина Залялова.
Қазіргі уақытта орталыққа су тасқынынан зардап шеккен 15 адам уақытша орналастырылды, оның ішінде 4 мүгедектігі бар азамат бар.
«Қазір бізге қызмет жасап жүрген барша отандастарыма шынайы алғысымды жеткізгім келеді. Бізге барынша күтім мен қамқорлық көрсетуде, киімдеріміз таза, тамақтарымыз уақытылы берілуде. Мұндағы адамдардың барлығы кең жүректі. Сондықтан өмірімнің соңына дейін осы орталыққа ризашылдығымды білдіріп өтемін», – деп қосты өз пікірін су тасқыны аймағынан эвакуацияланғаннан кейін осы орталыққа орналасқан Сталина Кузнецова.
Өз кезегінде Светлана Жақыпова медициналық-әлеуметтік мекемелердің үздіксіз жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті.
«Қазіргі уақытта республика бойынша қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық 118 орталығы штаттық режимде жұмыс істеуде. Министрлік бірқатар өңірлерде ТЖ режимі жарияланғанын ескере отырып, осы ұйымдардағы жағдайды және олардың қызметін тұрақты бақылауда ұстайды. Біздің азаматтарымыздың қажетті арнаулы қызметтер алуын жалғастыру өте маңызды», – деп атап өтті министр.
Су тасқынынан зардап шеккен азаматтар қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілу үшін мамандандырылған ұйымдарға орналастыруға шаралар қабылданғанын естеріңізге сала кетейік.