Арқалықта көктемгі су тасқыны кезінде қиын жағдайда қалған отбасыларға жан-жақты көмек көрсету жұмыстары әлі де қарқынды жүру үстінде.
Өңірде жарияланған төтенше жағдайға байланысты, жедел атқарылып жатқан іс-қимылдардың қатарында мал азығынан таршылық көргендерге көмек қолын созуды көруге болады. Көршілес аудандар дер кезінде жем-шөптен жәрдем берді. Соның арқасында тұрғындардан түскен арыз-шағымдар қаралып, тиісті көмектер берілуде.
Еріген қар суынан зардап шеккендердің бірі – Арқалық қаласына қарасты Северный кенті, Пролетарский көшесіндегі 9-үй тұрғындары. Кенттің шеткері көшесінде орналасқан бұл отбасының тасқын кезінде үй-жай, қора-қопсыларына дейін су жайлап алды.
«Жылда қысқа жақсы қамданамыз. Биыл күтпеген жерден табиғат тосын мінез танытып, жағдай өзгеріп кетті. Кеше әкімдікке қоңырау шалып, қолдағы малыма жем-шөптен көмек берулерін өтініп сұраған едім. Бүгін, міне, ертелетіп өз көліктерімен 5 қап жемді жеткізіп берді. Ұзынның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілейін деп тұрған шағында бұл дегеніңіз үлкен көмек. Өтінішімізді жерге тастамай, жедел назар аударып, уақытылы көмек беріп жатқан қала әкімдігіне алғысымызды білдіреміз», – дейді төтенше жағдайдан жапа шегіп, үкіметтің, елдің көмегінің арқасында күн көріп отырған, азғантай шаруашылығын қайта демдеп жатқан үй тұрғыны Айгүл Аманжолқызы.
Жедел штабта жем қоры баршылық. Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі көмекті қажет ететін тұрғындар болса, қиын жағдайда қалдырмай, жәрдемдесуге әзір екендерін айтады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы