Қостанайдың облыстық балалар ауруханасын жөндеу қайта жанданады

Қостанайдың облыстық балалар ауруханасын жөндеу қайта жанданады

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов облыстық балалар ауруханасының жұмысымен танысты. Үш жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтай алмаған “Вершина” ЖШС мен аурухана әкімшілігі келісім-шартты бұзып, жұмысты тоқтатқан болатын.

Нысанды жөндеуге республикалық бюджеттен 1 млрд 204 млн теңге бөлінген. Мердігер орындалған жұмыстың актілері арқылы 930 млн теңге алған, тағы 30 млн теңге авторлық және техникалық қадағалау ұйымдарына төленген. Енді республикалық бюджетке 168 млн теңге қайтаруға тура келеді.

Нысанды аралап көрген Құмар Ақсақалов жөндеу жұмыстарын барынша қысқа берзімде аяқтауды тапсырды.

 

 – Күрделі жөндеу жұмыстары тым созылып кетті. Үш жыл аз уақыт емес. Енді нүктесін қоятын кез келді. Өйткені, бұл жай нысан емес, балалар емделетін ғимарат. Сот шешімі күшіне енген соң, әкімдік ғимаратты техникалық тексеруден өткізеді. Жөндеу жұмыстарын барынша қысқа мерзімде аяқтау қажет, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Техникалық тексеру екі жолмен жүргізілуі мүмкін, оның бірі бюджет қаржысына, екіншісі тартылған ақшаға. Мемлекеттік сатып алу арқылы жұмыс жүзеге асар болса ұзап кетуі мүмкін. Ал, тартылған қаржы көзіне жасайтын болса екі-үш аптада нақты тексеру жүргізіледі.

 – Әрі қарай техникалық тексеру нәтижелері бойынша жоспар құрылады. Қазіргі орындалған жұмыс деңгейін 85%-ға теліп отырмыз. Өйткені, мердігер орындалған жұмыстар құжатының бір бөлігін ұсынған жоқ. Сот “Вершина” ЖШС-не құжаттарды толық беруге міндеттеді. Алдағы күндері ол құжаттар сот орындаушысына берілетін болады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев.

Жобалық-құндық құжаттама 2018 жылы әзірленгендіктен мерзімі өтіп кеткен. Сондықтан бірқатар түзетулерді талап етеді. Сарапшылар құжаттаманы ғана емес, техникалық шешімдерді де түзейді.

Қазір аурухана бос тұр. Қарызы көбейіп кеткендіктен, жақында ғимаратты электр көзінен айырған. Берешек шамамен 4 млн теңге. Ал өткен жылыту маусымында жылуға 7 млн теңге жұмсаған. Аурухананың бас дәрігері бұл берешек мердігердікі дейді. Алайда оны төлеуге шамасы жоқ. Тек мәселе жаңа мердігер таңдалғаннан кейін шешілуі мүмкін.

 

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу