Көзі қарақты жерлестер жақсы біледі, былтыр Республика күні қарсаңында «Қостанай таңы» газеті оқырман қауым үшін тамаша бастаманы қолға алған еді. Алғаш рет онлайн ұтыс ұйымдастырып, бағалы сыйлықтар үлестірді. Соның ішінде шипажайға үш бірдей жолдама ойнатылған. Оны үш оқырман ұтып алды.
Бір жазылушымыз шипажайда үш күн демалысын өткізді, қалған екеуі мүмкіндігін жыл соңына дейін пайдалана алады. Биылғы ұтысқа тұрақты демеушіміз – «Сосновый бор» шипажайы бес адамға жолдама бергелі отыр. Ендеше, газетке жазылып қойыңыз, оқырман. Бәлкім, сіздің де бағыңыз жанып қалар…
Түгін тартсаң майы шығар
Қостанайдың інжу-маржаны атанып кеткен «Сосновый бор» шипажайы облыс орталығынан 45 шақырым жерде, Арақарағай орманы алқабында орналасқан. Алтынсарин ауданының Щербаков ауылын көктей өтіп, оңай табасыз. Жол сайрап жатыр.
Санаторийдің іргетасы өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қаланды. Алғашында жай ғана демалыс үйі болып ашылған мекеме ғалымдардың зерттеуінен кейін шипажайға айналған. Өйткені, мұнда емдік қасиеті мол қара балшық пен минералды су бар. Түгін тарсаң майы шығар шұрайлы жер.
«Көлді қоректендіру үшін қазылған екі скважинадағы судың құрамы Феодосия, Ессентуки курорттарындағы минералды суларға ұқсас екені зерттелген. Табиғи емдік қасиеті бар су көп ауруға ем. Шипажайдың бес корпусы және коттедж қалашығы бар. Қарағайлы орманның саф ауасының өзі неге тұрады?! Бізге ем алуға ғана емес, күнделікті күйбеңнен демалуға келетіндер де аз емес. Екі мыңыншы жылдардың басында шипажайдың жағдайы мәз емес еді. Өңірге белгілі азамат Сайлаубек Ерғазыұлы Ещанов ағамыз қолға алып, қазір Қазақстанда көп сұралатын санаторийлердің біріне айналдырды. Емделушілер Қазақстаннан ғана емес, шетелден де ағылып келетін болды», – дейді «Сосновый бор» шипажайының директоры Дидар Әубәкіров.
Санаторийде әртүрлі ауруларды емдеу және алдын алу үшін қолданылатын емдеу әдістері көп. Мысалы, су мен балшықпен емдеуден бөлек, физиотерапия, озокеритотерпия, ингаляция, спелеотерапия және массаж түрлері бар. Таза ауада серуендеуге, спортпен шұғылдануға болады. Бірақ бәрі шипажай дәрігерлерінің нұсқауымен ғана.
Бүгінде емдеу-сауықтыру корпусында жүзден артық адам жұмыс істейді. Олар емделуге келген әр адамның денсаулығын толығымен қарап, кімге қандай ем керек екенін белгілеп береді.
Келушілерге «стандарт» санатынан бастап, жайлылығына қарай түрлі жатын бөлмелер ұсынылады. Жүріп-тұру, мініп-түсу қолайлы болу үшін ғимараттардың іші лифттермен, пандустармен жабдықталған.
Саф ауа, сапалы қызмет, ақ алғыс
Санаторийде терапевт, кардиолог, невропатолог, гинеколог, гастроэнтеролог, хиропрактор, физиотерапевт сияқты білікті дәрігерлер ем-дом жасайды.
Отбасымен бірге бірнеше жыл бойы істеп келе жатқан мамандар да жетерлік.
Айгүл Мырзабекова емдеу-сауықтыру орнында 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Шипажайдың бас дәрігері. Ол орман ішіндегі ғажайыптың денсаулыққа қандай әсері барын жалықпай айтуға бар.
«Біздің ең бірінші артықшылығымыз – минералға бай шипалы су, қара балшық және кең ауқымды сауықтыру процедуралары. Шипажай табиғатымен, саф ауасымен де ерекшеленеді. Қарағай бүр жарып, гүлдейтін мезгіл – сәуір, мамыр айлары. Ол бронхопульмональды ауруларға өте жақсы ем. Қарағайлы орман арасында, саф ауада серуендеп қан айналымын жақсартуға болады. Кімге қанша жер жаяу жүру керек, оның бәрі адамның денсаулық жағдайына қарай. Бізде минералды су 270 метр жерден сорылып алынады. Ол екі асқазан-ішек жолдары мен зәр шығару жүйесіне бірден-бір ем. Мамандарымыз пациентке ішетін судың мөлшерін белгілеп береді. Сол тәртіппен күніге ем қабылдап, жақсарып шығуға болады. Әдетте минералды суды тамақ ішерден кемі жарты сағат бұрын ішіп алған абзал», – дейді бас дәрігер.
Айгүл Сейпулқызының анасы Дина Жаманшалова шипажайда 31 жыл бойы табан аудармай қызмет етіп келеді. 1993 жылдан бері осы жердің ыстық-суығын, құлдырап дамуын, бәрін де көрген. Дәрігерлер династиясына мұнда емделушілердің құрметі ерекше. Денсаулық жағдайымен қоса, алғысын айтуға келетіндер аз емес.
«Жыл сайын осында демалуға әрі денсаулығымды реттеуге келемін. Біраз шипажайда болдым, мұндағы маған ұнайтыны – емдеу тәсілдері. Ұжымы тұрақты, дәрігерлері көптен бері істейді. Өз істеріне өте жауапты. Мәселен, Дина Махатқызын көптен бері білемін. Он күн ем алып, жақсарып қалдым. Сол үшін Айгүл Сейпулқызына ағалық ризашылығымды білдіруге кабинетіне келіп тұрмын», – дейді Қостанай қаласының тұрғыны 75 жастағы Қуаныш Ысмағұлұлы.
Жанға шипа, емге дауа
Ағзаның қызметіне өте пайдалы табиғи ем түрінің бірі – балшықпен емдеу. Шипалы батпақ ваннасы қан айналымын, жүректің жұмысын жақсартады. Сондай-ақ ағзаның қорғаныш қасиеттерінің күшеюіне септеседі.
«Шипалы саз дәнекер болып тұратын тін жүйесіне, ішкі секреция бездердің функциясына ықпал етеді, тері, буын ауруларының алдын алып, зат алмасу, регенеративтік және репаративтік процесстердің күшеюіне көмектеседі. Біздің санаторийдегі биологиялық белсенді заттармен байытылған. Қара батпақпен емдеу қимыл-тірек аппаратының аурулары, омыртқа мен аяқ-қол жарақаттарынан кейін асқыну болса, шеткі мен орталық жүйке жүйесінің жарақаттардың күрделі салдары кезінде, ас қорыту органдарының кейбір аурулары туындаса, созылмалы бронхиттер мен пневмония, терінің әртүрлі аурулары кезінде пайдалы қолданылады», – дейді дәрігер Дина Жаманшалова.
Санаторийдің емдеу-сауықтыру қызметінде физиотерапияның да орны бөлек.
Физиоемдеу әмбебап және қауіпсіз ем түрлерінің бірі болып саналады. Ол ағзадағы ем қабылдау үдерісін жылдамдатады. Заманауи медицинада бұл үнемі қолданылатын ем. Аурулардың алдын алуға зор септігі бар.
«Физиотерапевтикалық әдістер неғұрлым қартайған пациенттерге, балаларға да қажетті, өйткені ауыртпай және жағымды әсер бере отырып емдейді. Қабынуға қарсы және антиспазматикалық әсері бар. Физиопроцедуралар тамырларды сергітеді, ауырсынуды басады, бас ауырғанда жақсы көмек береді, ішкі органдардың (бауыр, бүйрек, ұйқы безі) жұмысын жақсартады», – дейді «Сосновый бор» шипажайының аға медбикасы Гүлмира Майжанова.
Көпшілікке ұнайтын тағы бір ем – озокеритотерапия. Буын қабынуы, бұлшықет қозғалысының бұзылуы сияқты ауруларды парафинді тау балауызын жылыту арқылы емдейді. Озокериттің қабынуға, аллергияға қарсы, антиспастикалық, тыныштандыратын әсерлері бар екені анықталған.
Спелеотерия (тұзды шахта). Мұның пайдасы – тыныс алу жолдарын шың-тозаңнан, микробтардан тазалап, микрофлорасын қалыпқа келтіреді. Қанның оттегімен қанығуын арттыруға, аағзаның аллергиялық реакцияларын азайтуға көмегі бар.
«Тұз шахтасына кіруге көбіне созылмалы қан қысымымен сырқаттанушыларға кеңес береміз», – дейді шипажай дәрігерлері.
Жаныңды тыныштандырып, жүйкеңдегі барлық ауыртпалықты сылып тастайтын массажға не жетеді?!
Шипажайда уқалаудың да түр-түрі бар.
Сондай-ақ демалысқа келушілердің көбіне-көп сұрап жататыны – SPA процедуралары. Фитобөшке, гидротерапия, қош иістендірілген ванна түрлері рахат сезімге бөлеп, жақсы көңіл-күй сыйлайды. Оны біз шипажайдағы кез келген адамнан байқадық. Басқа жерлерде адамдармен тілдесу қиынға соғып, фотокамераны көргенде ат-тонын алып қашып жататын кездерін жиі көруші едік. Ал мұнда кімнен сұрасақ та, бәрі бас бармағын көрсетіп, сұрағымызға жылы жүзбен жауап беріп тұрды. Осы орайда шипажай дәрігерлерінің мақтаныш сезіммен айтатын сөзі жарасымды-ақ: «Біздің жұмыстың нәтижесі әр ем алушының бет жүзінен көрініп тұрады».
Шипажайға келушілер көңіл көтеру үшін де барлық жағдай қарастырылған. Ғимарат ішінде кафе, дүкен, боулинг залы бар. Кешкілік би кештеріне барып, фильм тамашалап, кітапханада кітап оқуға, шахмат ойнауға да болады. Қыста шаңғы тебуге, жазда доп ойнауға арналған алаңдар бар. Бір сөзбен айтқанда, ем алуыңызға да, демалуыңызға да мүмкіндік мол.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Ел пікірі
Жоламан ӨТЕБАЕВ:
– Жітіқара ауданында тұрамын. «Қостанай таңы» газетіне жазылып, былтыр өткізілген ұтыс ойынында шипажайға үш күндік жолдама ұтып алдым. Жолдамамен желтоқсан айында «Сосновый борға» бардым. Онда бәрі ұнаған соң өз ақшама тағы үш күн қосып демалдым. Тамылжыған табиғатының сұлу көрінісіне қарап-ақ жаның жайланады. Білікті дәрігерлерінің жасаған емдік процедуралары қатты ұнады.
Роза МУСИНА:
– Көкшетауданмын. 45 жыл мұғалім болып істедім. Мұнда жылда келіп тұрамыз. Биыл 10 күнге келдім. Минералды суды күніне үш рет ішіп, ем қабылдап, жақсарып қалдым. Осы жерде бұрынғы оқушыларымды да кездестіріп тұратыным бар. Олар да «Сосновый бор» санаторийін мақтап жүреді.
Ақылбек ШЫНБОЛАТОВ:
– Қостанайдан жұбайым екеуміз келіп, демалып жатырмыз. Бәрі де тамаша, ешқандай мін таға алмаймыз. Бізге ұнайтыны – орман ішіндегі таза ауа. Қысы-жазы тып-тынық. Жүйкең, жаның тыныш табады. Біздің таңдауымыз – әрқашан «Сосновый бор».
Нина ДРОСТ:
– Жұбайым зейнетке шығып, соның құрметіне балаларымыз он күнге жолдама сыйлады. Келгенімізге өкінбейміз. Емдік процедуралары, қызмет көрсетуі, тамағы бәрі ұнап жатыр. Медицина қызметкерлері асты-үстімізге түсіп, көңілімізді тауып жүр. Мұнда келген адамның көңілі толмай кетіп жатқанынын көрмедім.