Алқап шаһардың көрікті жерлерінің біріне және басты ерекшелігіне айналмақ. Бұл туралы қала әкімі Марат Жүндібаев кезекті аппарат кеңесінде хабарлады.
Қазір қалада күзгі көшет отырғызу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өткен демалыс күндері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында триатлон саябаққа 100-ден аса ағаш отырғызылды.
Дәлірек айтқанда, биіктігі төрт метрлік 42 қарағай және 75 шетен. Қала бойынша барлығы мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Соның шамамен 700-і триатлон саябағына егіледі. Жасыл желек аумағын кеңейту мақсатында шырша, арша, қарағай, терек және үйеңкі сияқты жергілікті табиғатқа бейімделген өсімдіктер таңдалыпты.
Ал көктемде қызғалдақтың әр түрін егу жоспарлануда. Болашақ қызғалдақ алқабы – триатлон саябағының ең басты ерекшелігі болмақ.
«Көктемде қызғалдақтар гүлдеп, аумаққа әсем көрініс сыйлайды. Тұрғындар 10-14 күн ішінде бұл сұлулықты тамашалай алады. Алқап қатаң қорғалады. Қызғалдақ көруге Науырзым қорығына немесе басқа жерге баруға бәрінің жағдайы келе бермейді. Ал біздің қаламызда бұл мүмкіндік бәріне қолжетімді», –деді Марат Қонысбайұлы.
Ғажайып көрініс триатлон саябағының ажарын одан әрі аша түседі деген сенімдеміз. Мемлекеттік деңгейде қорғауға алынған дала гүлі Қостанай көктемінің сәніне айналмақ.
Қымбат ДОСЖАНОВА
