ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне қаржыландыруды жеңіл әрі қолжетімді ететін пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаудан жеңілдетілген несиелеу жүйесіне көшу бойынша жұмысты жалғастыруда.
АӨК субъектілерін қолдау мақсатында жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары іске асырылуда. Оның шеңберінде көктемгі егіс және орақ жұмыстарын қаржыландыру, ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке алу, қайта өңдеу кәсіпорындары үшін айналым қаражатын толықтыру, бордақылау алаңдарына ірі қара және ұсақ қара мал сатып алуға болады.
Болашақта басқа бағыттарды қамту жоспарланған. Бұл қадамдар АӨК субъектілеріне субсидияға жүгінбей-ақ, бірден 5% сыйақы мөлшерлемесімен несие мен лизинг алуға жол ашады. Қолданыстағы сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламасы мен субсидиялардың уақытылы төленбеуі АӨК субъектілерінің жоспарлауына және қаржылық тұрақтылығына кері әсерін тигізді.
