Қостанайдағы «Қазақ тұлпарына» Алматыдан асыл тұқымды екі айғыр әкелінді

Қостанайдағы «Қазақ тұлпарына» Алматыдан асыл тұқымды екі айғыр әкелінді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Қазақстанда Қостанай жылқы тұқымын сақтап қалу, жаңғырту жұмыстары басталды. «Байсерке Агро» холдингі осы тұқымның «Триумф» және «Кумир» айғырларын Қостанай жылқы зауытына шағылыстыру және ұрықтандыру үшін Алматыдан алып келді.

Өткен жылы «НАНОТС» КЕАҚ, «Қазақ тұлпары» ЖШС және «Байсерке Агро» ЖШС қостанайлық жылқы тұқымын сақтап қалу үшін бірлескен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді. Бұл жұмыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық жылқы мен тазы тұқымын жаңғыртуға бағытталған тапсырмасы аясында қолға алынды.

Қостанай жылқы тұқымы – қазақтың арнаулы спорт түрлеріне сай келетін жалғыз тұқым. Олар ұлттық ат спортын дамыту үшін кеңінен қолданылады. Аталған тұқым 1951 жылы Қостанай, Майкөл және Троицк жылқы зауыттарында қазақ тұқымды биелерді қалмақ, дон, стрелецкий, орлов-растончинский, ағылшын-араб және асыл тұқымды шабандоз айғырларымен будандастыру арқылы өсірілді. 1953 жылы тұқым пайда болды. Бұл тұқымның жылқылары күштілігімен, төзімділігімен ерекшеленеді және Қазақстанның климатына бейімделген. Бір қиыны, Тобыл өңірінің мақтанышы саналатын осы ерекше тұқым қазір жойылу алдында тұр. Мамандардың айтуынша, асыл тұқымдылар кітабында 200-ге жетер-жетпес бас болса, Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» небары мұндай 48 басты сақтап, баптап отыр. Бүгінде жергілікті зауыттың тұқым жаңғыртатын еш мүмкіндігі жоқ. Енді бұл олқылық алматылық компанияның қолдауымен орнына келер деген үміт бар.

«Біз екі айғыр әкелдік. Бірі – ағылшын, екіншісі ағылшын-қостанай тұқымы. Бұлар «Байсерке Агро» жылқы зауытында туып-өсті. Екеуі де 2014 жылғы төл. Бұлардың аталықтары әлемге әйгілі «Триумф аркасы» жарысының топжарғандары, конкур, үш сайыс секілді ойындардың шеберлері. Бұлар да ұзақ қашықтыққа шабатын жүйріктер. Бұл Қостанай тұқымына басты қажетті сапа. Сондықтан арнайы таңдап алдық. Түсі жағынан қостанайлықтарға ұқсас, ірі тұрпатты, мүсін-сымбаты жағынан да мінсіз», – дейді «Байсерке Агро» компаниясы «Қобыланды» зауытының жылқы шаруашылығы жөніндегі кеңесші Василий Мельников.

Бағасы өте қымбат тұратын қылқұйрықтардың екеуі бірдей су тегін беріліп отырған жоқ. «Байсерке Агро» ЖШС ағылшын-қостанайлық тұқымды айғырдың орнына «Рабат» аталатын қостанайлық айғырды айырбасқа алған. Алматыға аттанған айғырдың алдына таза қанды он бие салынып, қостанайлық жылқылар тобы жасалмақ. Ол үшін «Қобыланды» зауытында тұқымдандыру бағдарламасы құрылып қойылған. Демек, Қостанай тұқымын жаңғырту екі жақта бірдей жүргізіледі. Келе-бара генетикалық материалдармен алмасу процестері жолға қойылмақ. Қалай дегенмен де, ұзақ қашықтыққа шабатын Қостанай тұқымына әлем назарын тіктіру, сымбатты да тегеурінді жылқы жүйрігін әйгілеу маңдайалды мақсатқа айналып отыр. Бұл – сол мақсатқа жақындата түскен маңызды қадам десек болатындай.

Жандос ЖҮСІПБЕК

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу