Қостанайдағы NIS оқушылары ұлттық өнерді дәріптеді

Қостанайдағы NIS оқушылары ұлттық өнерді дәріптеді

Қостанайдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Мұрагер» домбырашылар ансамблі Республика күніне орай ұйымдастырылған «Ұлт рухы – домбыра үні» атты мерекелік флешмобқа қатысып, көрерменге ерекше рух пен әсер сыйлады.

Мерекелік іс-шара «Kostanay Plaza» ойын-сауық орталығында өтті. Сахна төрінде ұлттық киім киген жас өнерпаздар қазақтың ұлы күйшілерінің шығармаларын орындап, тыңдарманды ұлттық өнердің терең тарихымен және сазымен қауыштырды.

Ансамбль мүшелері «Көроғлы», «Ерке сылқым», «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа», «Жекпе-жек» сынды атақты күйлерді орындау арқылы қазақ халқының рухы мен ерлік дәстүрін домбыра үнімен өрнектеді. Әр туындының өзіне тән мінезі мен қуаты көрерменнің жүрегіне жол тауып, залды ерекше энергияға бөледі.

«Мұрагер» ансамблі білім ордасының ең белсенді шығармашылық ұжымдарының бірі. Ұлттық өнерді насихаттап, жас буынды рухани тәрбиеге баулуды мақсат еткен бұл топ бірнеше жыл қатарынан қалалық және облыстық мәдени іс-шараларға қатысып келеді.

Мұндай іс-шаралар оқушылардың отансүйгіштік сезімін арттырып қана қоймай, қазақтың төл өнері – домбыраның қадірін ұғынуға, халық мұрасын жаңғыртуға үлкен мүмкіндік береді.

«Ұлт рухы – домбыра үні» атты флешмоб көрермен көңілінен шығып, қошемет пен алғысқа бөленді. Көпшілік қазақ күйлерінің орындауындағы жас домбырашылардың шеберлігіне тәнті болып, ұлт рухының мәңгі жасайтынын тағы бір мәрте сезінді.