Назарбаев зияткерлік мектебінде оқу жылының тағы бір парағы жабылды. Тоқсан сегіз түлек алтын ұямен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты. Бұл – тек құжат тапсыру рәсімі ғана емес, жас түлектердің асқақ армандарға қарай жасаған алғашқы сенімді қадамы еді.
Сахна төріне алғашқы болып үздіктер шақырылды. Олардың қатарында «Алтын белгі» иегері Айгерім Әмірғали бар. Айгерім – бүгінде Нью-Йорк университетінің Абу-Дабидегі кампусына толық грант иегері атанып, халықаралық деңгейде еліміздің атын шығарған түлек болып тарихта қалды.
Мектеп түлектері Айзере Баймолдина, Айшет Дәулетбаева, Томирис Ибраева, Мәдина Қуанышева, Азалия Молдыбаева, Дария Молдабекова және Әсел Хамитова ерекше үлгідегі аттестатқа ие болған жеті түлек марапатталды.
Салтанатты кеш барысында мектеп директоры Гүлнар Досқазиева түлектерге арнаған жүрекжарды тілегін айтты:
«Қымбатты түлектер! Бүгін – сендер үшін ерекше күн. Бұл – балалық шақпен қоштасып, жаңа өмір жолына бет алған сәт. Біз сендерге әрдайым сенеміз. Алдарыңнан жарқын болашақ, ашық көкжиек күтіп тұр. Қайда жүрсеңдер де, мектебіміздің мақтанышы болып қала беріңдер!» – деді білім ордасының басшысы.
Кеш қонағы ретінде сөз алған 2021 жылғы мектеп түлегі, NIS Alumni қауымдастығының белсенді мүшесі және қазіргі таңда Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті Нұрзат Назарбекова жас түлектерге өз тілегін жеткізді:
«Осы мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбие – менің өмірлік бағыт-бағдарымның негізі болды. Қымбатты түлектер, армандарыңнан ешқашан бас тартпаңдар. Алда талай асу бар, соны бағындыру өз қолдарыңда!» – деді Нұрзат.
Кеш соңында барлық түлектерге «NIS Alumni» арнайы естелік сыйлықтары табыс етілді. Бұл – мектеппен байланыстың үзілмейтінін білдіретін рәміз іспетті.
Алтын белгі иегері Айгерім Әмірғали:
«Бұл кеш – мен үшін ұмытылмас естелік. Ұстаздарыма, ата-анама, достарыма алғысым шексіз. Осы ортадан алған білім мен рухани құндылықтар болашақта маған үлкен тірек болады деп сенемін», – деп тілегін білдірді.
Аттестат табыстау кеші осылайша ерекше әсермен өтті. Мектептің үздік түлектері көпшілік алдында марапатталып, ата-аналар мен ұстаздар қауымы қуаныш пен толқынысқа толы сәттердің куәсі болды.