Аймақта 67 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Соның тең жартысы Қостанай қаласында орналасқан. Биыл кәсіпкерлердің саны былтырға қарағанда 3,1%-ға өсті. Шағын және орта бизнеске бет бұрған жерлестеріміз туралы бүгін облыстық әкімдіктегі отырыста айтылды
Былтыр 64 963 кәсіпкер тіркелсе, биыл бизнес иелерінің саны 67 мыңға көбейген. Өнім өндіру көлемі де артқан. Облыстың шағын кәсіпорындарында 128,3 мың адам, орта кәсіпорындарда – 23 мың адам, шаруа-фермер қожалықтарында 12 мың адам жұмыс істейді. Былтыр 17 кәсіпорын, ал биылдыққа 1 кәсіпорын шағын бизнестен орта бизнеске көшіпті. Кәсіп ашуда Қостанай қаласы мен Денисов және Қостанай аудандары озып тұр.
Кәсіпкерлердің көбеюі аймақ экономикасына оң серпін беретіні айтпаса да түсінікті. Шағын және орта бизнес – экономиканың тірегі. Бизнес дамыса жаңадан жұмыс орындары ашылып, қазынаға түсетін салық көлемі де ұлғаяды. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Назарбек Қоңқабаевтың айтуынша, 2025 жылдың 1-тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлер төлеген салық аударымдарының сомасы былтырғы сомадан 34% — ға асып түскен. Бизнесті дамыту мақсатында жасалып жатқан мемлекеттік қолдауы да баршылық.
– Былтыр кәсіпкерлікті дамытудың кешенді бағдарламасы шеңберінде 986 бизнес-жоба мемлекеттік қолдауғаа ие болды. 974 жоба пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және «Даму» қорының кепілдіктері есебінен жеңілдетілген несиелермен қамтылды. Қолдау көрсетілген жобалардың жартысына жуығы (471 жоба) облыс орталығына тиесілі. Аудандар мен моноқалалар арасында Рудный қаласы (141 жоба) және Қостанай ауданы (123 жоба) көш бастап тұр. Науырзым (1 жоба), Қамысты (2 жоба), Ұзынкөл (2 жоба) және Алтынсарин (4 жоба) аудандарында, керісінше, бизнес жобалардың саны аз тіркелген. Биылғы бес айда 111 жоба мемлекеттік қолдауға ие болды, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Назарбек Қоңқабаев.
Биылдыққа кешенді бағдарлама шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларын қаржыландыруға 8,3 млрд. теңге қарастырылған. Мемлекет тарапынан қолдау тапқан жобалардың дені көлік қызметтері және өңдеу өнеркәсібі салаларында іске асырылуда.
Қостанайдағы «АлСар» ЖШС әлеуметтік нысандарды жарақтандыру үшін жиһаз жасаумен айналысады. Серіктестік алғашқы қадамын шағын, жалға берілетін цехтан бастаған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бизнесін кеңейтіп, қуатты серіктестікке айналды. Бүгінде парта, сөре, орындық, шкаф, компьютерлік үстел, мектеп тақталары сияқты 133 түрлі өнім шығарып, ел бойынша сатуда.
Қостанай ауданындағы «Костанайский осётр» ЖШС-да мемлекеттік қолдаумен кәсібін дамытты. Серіктестік пайыздық мөлшерлемені жылдық 7%-ға дейін төмендету және «Даму» қорының кепілдігі есебінен жеңілдетілген несие шарттарына ие болып, облыстық бюджет есебінен электрмен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етілді. Бұл ферма солтүстік аймақта баламасы жоқ бірегей кәсіпорынға айналған. Асыл тұқымды бекіре балығын өсіріп, сатумен айналысады. Шаруа қожалығының бес метрлік 16 бассейні және қайта өңдеу цехынан тұратын 1100 шаршы метрлік ғимараты бар. Өңірдегі жалғыз бекіре фермасы 2024 жылдың желтоқсан айында өндірісін кеңейтіп, тірі балыққа арналған аквариумы бар мамандандырылған дүкен ашты. Дүкенде 80-нен астам тауар түрі ұсынылады.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін дөңгелетіп отырған ұйымдардың бірі -«DoctorDos» тіс емханасы. Стоматология облыс орталығында орналасқан. Оның иесі жеке кәсіпкер Зайра Досанова заманауи үлгідегі жаңа рентген құрылғысын сатып алып, табысты жұмыс істеп жатқанын айтты.
– 2019 жылы жеке кәсіпкерлікпен айналысуға шешім қабылдадым. Бизнесті қолдауға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатыстым. «Бастау бизнес» бағдарламасымен кәсіпкерлік негіздерін оқыдым. Курсты бітірген соң облыстың кәсіпкерлік палатасы маған болашақ стоматологияның ғимаратын берді. Алғашқы құрылғыны «Еңбек» бағдарламасымен алдым. Жылына 6%-дан аспайтын мөлшерлемемен берілген жеңілдетілген шағын несиені ойдағыдай жаптым. 2023,2025 жылдары табысты кәсіпкер ретінде жалпы құны 100 млн теңге төңірегінде мемлекеттік қолдауға ие болып отырмын. Бұл қаржыға жеке ғимарат алып, өз күшімізбен қайта қалпына келтіріп, цифрлық үлгідегі заманауи құрылғылармен жабдықтадық. Цифрлық деп отырғаным өте бағалы, соңғы үлгідегі 3D құрылғылар. Соның бірі құны 45 миллион тұратын құрылғы және неміс өндірісінен шыққан микроскоп. Облыста, жалпы солтүстік аймақта мұндай құрылғылар жалғыз бізде ғана. Тіс емханасы бес жылдың ішінде науқастарға жоғары деңгейде қызмет көрсетуде. Бізге сеніп артып қолдау білдіргендеріңіз үшін облыс және қала басшылығына алғыс айтамын. Менің өзге де әріптестерім кәсіптерін ашып, дамыту жолында мемлекеттік қолдаудың игілігін көреді деп сенемін, – деді жеке кәсіпкер Зайра Досанова.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов мемлекеттік қолдауды пайдаланып үлкен жетістіктерге жетіп жүрген кәсіпкерлер жайлы мысалдардың көп екенін айтты. Осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыру қажеттігін еске салды. Сондай-ақ жергілікті өнімдердің санын көбейтуді тапсырды. Әсіресе өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын ширату қажет.
– Дамыған елдерде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40-60 %-ды құрайды. Мысалға, жалпы ішкі өнімдегі үлесі АҚШ-та 45%, Жапноияда 50%, Оңтүстік Кореяда 52%, Германияда 55 %-ға жеткен. Бұл елдерде шағын және орта бизнес – жұмыспен қамтудың базасы ғана емес, инновацияның көзі ретінде қабылданады. Сондықтан Мемлекет басшысы дамыған елдердің үлгісін енгізу керектігін айтады. Орта бизнесті үнемі дамыту қажет. Өйткені, ол мобильді және нақты жағдайларға тезірек үйренеді. Біздің облыста шағын және орта бизнес үлесі қазіргі уақытта 30%-ті құрайды. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің жыл сайын көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Мәселен, екі жыл ішінде олардың саны 7,8%-ке ұлғайып, шамамен 66 мыңға жетті. Сонымен қатар шығарылатын өнім көлемі де ұлғайып жатыр. 2024 жылы кәсіпкерлік субъектілері 9 % өсіммен 2,4 триллион теңгенің өнімін шығарды. Қазіргі уақытта шағын және орта бизнес 163 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Біздің облыста игерілмей тұрған нишалар бар. Мысалға, интеллектуалдық қызмет көрсету, қоқыс өңдеу, креативты экономика бағытында мықты жобаларды қолға алу керек. Ауыл шаруашылығы саласына «ақылды» технологияларды белсенді енгізу қажет, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев