№24 бастауыш мектеп-гимназиясы Қостанай қаласындағы алғашқы ашылған қазақ мектебі болып саналады. Бұл мектеп 1990 жылы Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектебінің бірінші қабатында орналасқан болатын. Әрине, егемендікке әлі қол жетпей тұрғанда қазақ мектебінің ашылуы өзге ұлт өкілдері басым қаламыз үшін маңызды оқиға болғаны анық.
Алғаш қазақ сыныбы болып ашылғанда үш бірінші сыныпқа қабылданған оқушылар болса, бүгінгі таңда №24 бастауыш мектеп-гимназиясы білім ордасы атанып 541 оқушы сапалы білім алуда. Бүгіндері екі қабатты ғимаратта 1998 жылдан бастап бастауыш қазақ мектебінде балалардың танымдық деңгейлерінің дамуларына жағдай жасалып, қазіргі заман талабына сай жабдықталған.
Отыз жылдан астам тарихы бар бастауыш мектептің жетістігі, нәтижесі жақсы. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған 1 сынып оқушыларының «Тілашар» мерекесі жоғары деңгейде өтті.
Бүлдіршіндеріміз үлкен қызығушылықпен қатысып, болашақта түрлі саланың басшылары, енді бірі қаламгер-жорналшы, дәрігер, ғалым, мұғалім және министр, президент боламыз деп тамашалап отырған ата-ана мен ұстаздардың мерейін үстем етті.
Қалалық білім басшысы Гүлсім Әділханқызының ықпалымен бүгіндері орыс мектептерінің бастауыш сыныптарында қазақ сыныптары ашылуда. «Теңіз тамшыдан құралады» дейді дана халқымыз, ширек жылдардан кейін №24 мектеп-гимназиясы секілді өз алдына білім ордасы болып жатса, қызықты да күрделі салада қалтқысыз қызмет атқарып жүрген ғазиз ұстаздарымызды егеменді елімізді көркейтіп, дамытатын болашақ өскелең ұрпақтарымыздың жадында мәңгі сақталатын болады.
Мектеп басшысы Нұргүл Қасенова, қалалық білім бөлімінен қызметкерлер мен әдіскерлер қатысып, оқушылардың алғашқы «Тілашар» мерекелерімен құттықтады.
«Кітап – ең сабырлы ұстаз» демекші, ата-аналар тарапынан сыйлықтар берілді. Көрермен қауымына оқушылар нақышына келтіріп ақиық ақындарымыздың өлеңдерін айтып, тәрбиелік маңызы зор әңгімелерден үзінді көрсетіп, әннен шашу шашты.
Жанар ЖҰМАҒҰЛОВА,
әдіскер-зерттеуші.
Қостанай қаласы