Қостанай қаласында келесі жылдың екінші тоқсанынан бастап жылу тарифі өзгереді.
Жаңа баға тұрғындар үшін 10%-ке, басқа тұтынушыларға 15%-ке және бюджеттік ұйымдарға 17,9 %-ке өседі. Тарифтің қымбаттауына негізгі себеп – жанармай шығындарының артуы болып отыр. Одан кейін электр энергиясы мен ірілі-ұсақты жөндеу жұмыстарына кеткен шығын да шаш етектен.
«Жылумен қамтудың қолданыстағы тарифтері бойынша «ҚЖЭК» МКК басқа облыстардың базалық кәсіпорындары арасында, Шымкент, Атырау, Семей, Талдықорған, Алматы, Ақтөбе сияқты қалалардан кейін 7-ші орында. Біздің өңірде жылумен қамту көлемі де артты. Бұл көрсеткіш қызметтің өзіндік құнынан әсер етеді»,–деді ҚЖЭК директоры Азамат Аужанов.
Қазіргі күні компания 91 217 абонентке қызмет көрсетеді. Тұтынушылар қатары 2024 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда биыл 6,8 %-ке көбейген. Коммуналдық ұйымның дебиторлық берешегі 2 068,7 млн теңгеге жетті. Соның ішінде тұрғындар 983,4 млн теңге, басқа абоненттер мен бюджеттік ұйымдар 1 085,3 млн теңге берешек. Қуанышқа орай, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда биыл қарыз көлемі азайғаны аңғарылады. Мекеме қарызды жинап алу үшін тұрғындар арасында түсіндіру және талап қою жұмысын күшейтіпті. Жыл басынан бері 7 571 борышкерге осындай мазмұнда хабарлама жолдаған.
«Орайлы сәтті пайдалана отырып, облыс орталығының тұрғындары мен кәсіпкерлерінен коммуналдық қызметтердің төлемақысын өз уақытында төлеуді сұраймын. Жылыту маусымының қауіпсіз және тұрақты өтуі күнделікті бақылауымызда», – деді ҚЖЭК басшысы.
Қымбат ДОСЖАНОВА
