Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы жұмысшыларына пәтер береді

Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы жұмысшыларына пәтер береді

Қостанай жылу-энергетикалық компаниясының жұмысшылары биыл су жаңа пәтерлерге ие болмақ. Бұл жайында бүгін өткен қалалық әкімдіктегі аппарат кеңесінде белгілі болды.

Жаңашылдық туралы «ҚЖЭК» коммуналдық мекемесінің басшысы Азамат Аужанов хабарлады. Мұндай қолдау жұмысшылардың тұрмыс жағдайын жақсартып, еңбегін көтермелеу мақсатында жасалып отыр.

«Қала әкімдігінің қолдауымен біздің компания көпжылдық тарихында биыл алғаш рет

өз қызметкерлеріне арнап тұрғын үй көмегін көрсетуді қолға алды. Қонай шағын ауданынан 7 пәтер кәсіпорынның балансына берілді. Оның бесеуі 1 бөлмелі, қалған екі пәтер 2 және 3 бөлмелі. Тұрғын үйлердің құны 5,6 млн теңге мен 10,3 млн теңге арасында. Бір шаршы метрінің бағасы 140 мың теңгеден. Алғашқы жарна үйдің 10%-ін құрайды. Яғни, бір бөлмелі пәтерді алу үшін 560 мың теңгеден бастап 1 млн 30 мың теңге аралығында жинақтың болуы жеткілікті»,-деді Азамат Аужанов.

Аталған пәтерлер баспанаға мұқтаж жұмыскерлер арасында комиссиялық негізде бөлінеді. Бұл ретте аса сұранысқа ие және тапшы мамандықтардың иелеріне басымдық берілмек.

Бағдарламаның қаржылық операторы ретінде «Отбасы банкі» АҚ белгіленді. Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев азаматтардың тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешу арқылы коммуналдық салада тиісті кадрларды ұстап қалуға болатынын еске салды.

«Бүгінде техникалық мамандар тапшы. Әлеуметтік қолдау негізінде адамдардың бұл салада қалуына, әрі қарай еңбек етуіне мүмкіндік береді. Дәл осындай көмекті келесі жылы «Қостанай Су» мекемесінің қызметкерлеріне ұсынбақпыз», – деді қала басшысы.

Қымбат ДОСЖАНОВА