15 Ақпан, 2025
Қостанайда «Жұмысшы мамандықтар» жылы осы бағытты дәріптеу форумынан басталды

Қостанайда «Жұмысшы мамандықтар» жылы осы бағытты дәріптеу форумынан басталды

Педагогтар мен  кәсіптік бағдар беру жұмысына жауапты тұлғалардың басын қосқан жиында диалог алаңы ұйымдастырылды. Қолға алынған міндеттердің тиімді шешу жолдары, осы форум ұйымдастырылған Қостанай жоғарғы политехникалық колледжінің  биылға арналған жоспарлары тыңдалды.

– Форумның негізгі тақырыбы – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, мектеп ұжымдарын осы жылдың маңыздылығымен таныстыру және алдағы жоспарларды талқылау. Іс-шара барысында мектептерде кәсіби бағдарлау жұмыстарының қалай ұйымдастырылатыны, оқушыларға жұмысшы мамандықтардың артықшылықтарын қалай түсіндіру қажеттігі талқыланды. Сонымен қатар, қазіргі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі туралы кеңінен мәлімет берілді, – дейді Қостанай жоғары политехникалық колледжінің директоры Құсайн Қаткенов.

Қалыптасқан стереотиптерді жою мақсатында, форум қатысушыларына қазіргі заманғы оқу орындарының заманауи материалдық-техникалық базасы мен сапалы білім беру құрылымдары ұсынылды.

Бүгінде Қостанай жоғарғы политехникалық колледжінде 1200 студент оқиды. Нан пісіру өндірісі, электрмен жабдықтау, механика, машина жасау сияқты салаларда жоғары білікті мамандар даярланады. Бұл – заманауи техникалық білім берудің сапасы мен талаптарға сай екенін көрсетеді. Мұндай шаралар жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, мектеп оқушыларын осы бағытта ынталандыруға және оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.

Форумға қатысуға келген Қостанайдағы №28 мектеп-гимназиясының директоры Жансая Исмайлова алдағы уақытта мектеп бітіруші түлектер арасында колледждің мүмкіндіктерін кеңінен насихаттап, олардың техникалық және кәсіби білім алуға деген қызығушылықтарын арттыру бағытында жұмыстар жүргізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

– Бұл оқу орнының материалдық-техникалық базасы өте жақсы жабдықталған екен. Мұнда болашақта үлкен сұранысқа ие болатын мамандар даярланады. Мектеп бітірушілерге осындай колледждерге түсу мүмкіндіктері туралы көбірек ақпарат беріп, оларды дұрыс таңдау жасауға ынталандыратын боламыз, – дейді Жансая Исмайлова.

Қазіргі таңда аталған оқу орны үздік ондықтың  қатарына енген еліміздегі  политехникалық колледждердің бірі. Энергетика, автомобиль өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларына арналған жұмысшы кадрларды даярлайды.

Никита Шапрон осы оқу орында білім алып жатқанын әрдайым мақтаныш тұтады.

– Электр жабдықтау мамандығының екінші курсында оқимын. Қазіргі уақытта электр желілері мен жүйелерін құрастырумен айналысып жатырмыз. Қазір «жұлдыз-үшбұрыш» схемасын құру және оның жұмыс істеу принциптерін меңгерудеміз. Бұдан бөлек, біз халықаралық WorldSkills олимпиадасына белсенді дайындық үстіндеміз. Бұл байқау кәсіби дағдыларымызды шыңдап, болашақ маман ретінде тәжірибемізді арттыруға үлкен мүмкіндік береді, – дейді Қостанай жоғарғы политехникалық колледжінің студенті.

Айта кету керек, өткен жылы колледж түлектерінің 92 пайызы жұмыспен қамтылған. Колледж базасында 24 бірегей зертхана бар. Шетелдік серіктестер мен тәжірибе базасы қалыптасқан.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Әйгерім МҰРАТБЕК,
ҚӨУ-нің студенті

Жаңалықтармен бөлісу