23 июня, 2025
Қостанайда жол мамандары тарапынан оқушыларға кәсіби бағдар берілді

Қостанайда жол мамандары тарапынан оқушыларға кәсіби бағдар берілді

Жол активтері ұлттық сапа орталығының Қостанай облысы бойынша филиалының мамандары жалпы білім беретін мектеп оқушыларымен кәсіби бағдар беру мақсатында кездесу өткізді. Ауқымды іс-шараға 1500-ге жуық оқушы қатысты.

Кездесу барысында орталықтың мамандары жол саласындағы түрлі мамандықтар, зертханалық жұмыстар мен сапаны бақылау процесі туралы жан-жақты ақпарат берді.

 Оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жол саласының маңызы мен ерекшеліктерімен танысты.

Филиал қызметкерлері қатысушыларды 2025–2026 оқу жылындағы қабылдау ережелерімен, “Көлік құрылысы” мамандығына бөлінетін мемлекеттік гранттар санымен, оқуға түсу ерекшеліктерімен, факультеттермен және мамандықтармен, оқу шарттарымен, мансаптық өсу мүмкіндіктерімен де таныстырды.

Сонымен қатар, түлектерге Қазақстанның автожол бағытындағы жоғары оқу орындарында білім алудың артықшылықтары туралы мағлұмат берілді.

Спикер болашақ студенттердің оқу барысында өзін-өзі дамыту, өндірістік тәжірибеден өту, әрі қарай жұмысқа орналасу мәселелерін де жан-жақты түсіндірді. Биылғы оқу жылына мемлекет “Көлік құрылысы” білім беру бағдарламалары тобына 700-ден астам грант бөлген.

Бұл мамандыққа түсу үшін бейіндік пәндер — математика және физика, ал өту шегі 50 балл болып белгіленген.

Анықтама үшін: Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жыл сайын жастарға кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізіп келеді. Кәсіпорын базасында студенттер үшін ақылы өндірістік практика ұйымдастырылады (80 мың теңге/ай). Осы уақытқа дейін 243 студент ЖАСҰО-да тәжірибеден өтіп, оның 19-ы тұрақты жұмысқа орналасқан.

ЖАСҰО қызметкерлері кәсіби бағдар беру бағыты бойынша 7500-ден астам кездесу өткізген. Сонымен қатар, Астана және Алматы қалаларындағы РФММ мен BINOM SCHOOL мектептерімен меморандумдарға қол қойылған. Орталық зертханаларында оқушылар үшін Ашық есік күндері тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.

Бұл күндері балалар жолдардың жай-күйін анықтау бойынша нақты тәжірибелік жұмыстармен таныса алады.

Кәсіби бағдар беруге бағытталған осындай іс-шаралар жастарға болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға, өз қабілетін дұрыс бағытта дамытуға үлкен мүмкіндік береді.