Қостанайда Жеңіс күніне арналған ауқымды іс-шара өтті

Қостанайда Жеңіс күніне арналған ауқымды іс-шара өтті

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов қала тұрғындарын Жеңіс күнімен құттықтап, майдангерлер мемориалына гүл шоғын қойды
— Жеңіс күні қуаныш пен қатар өткен күннің ауыр кезеңдерін еске салады. Қандай соғыс болмасын ол қайғы мен қасірет әкеледі. Миллиондардың қаны мен келген бұл жеңіс — бүгінгі ұрпақтың ең құнды қазынасы. Өйткені бейбітшіліктен асқан байлық жоқ екені рас. Қазақстан жерінен майданға аттанған жауынгерлер ерекше ерлік көрсетіп, Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты. Сұлтан Баймағамбетов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Төлеген Тоқтаров, Қасым Қайсенов сынды батыр бабаларымыз ерліктерімен танылды. Ұлы Жеңісте қостанайлық жауынгерлер де өздерінің ерліктерімен көзге түсті. Кейін 150-ші дивизияға айналған 151-ші жеке атқыштар бригадасы күллі Еуропаны басып өтіп, Берлинге дейін жетіп, Рейстагқа Жеңіс туын тікті. Сол қанды майданда 500 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атағын алды. Олардың қатарында даңқты жерлестеріміз Леонид Беда мен Иван Павловтың екі мәрте батыр атағын ерекше мақтан тұтамыз, — дейді облыс әкімі.
Салтанатты іс-шараға қала тұрғындары бір кісідей қатысты. Олар көше бойында сап түзеп соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетті. Жиында жас сарбаз Рауан Ваисов сөз сөйлеп, қарт майдангерлерге жас ұрпақ атынан алғыс айтты.
— Сіздер әрқашан біз үшін батылдық пен батырлықтың, адалдықтың, Отанға деген махаббаттың үлгісі боласыздар. Біз жас ұрпақ сіздердің есімдеріңізді ұран ретінде айтып, әрдайым мақтан тұтатын боламыз. Сіздердің жасаған әрбір істеріңіз — болашақ, яғни, біз үшін екені сөзсіз, — дейді жас сарбаз Рауан.

Бибіт НҰРМҰХАНОВ,
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу