Қостанайда жеке секторлардың қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынды

Қостанайда жеке секторлардың қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынды

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жылыту маусымында тұрғын үй секторларында профилактикалық іс-шаралар өткізіп жүр. Алғашқы кезекте әлеуметтік жағынан осал топтардың үйіне толық шолу жасалған. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бес жүзге тарта бұзушылығын анықтаған. Бұл туралы департамент бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев өңірлік коммуникация алаңындағы баспасөз мәслихатында баяндады.

 «Жеке жылыту жүйелеріне қатысты – 182 бұзушылық, электр желілері мен құрылғыларын пайдалану ережелерін бұзудың екі жүзден астам дерегі және төрт басқа да бұзушылықтар анықталды. Барлығы 9814 отбасы есепке алынды. Оның ішінде, үш мыңнан астамы көп балалы отбасылар, мың жарымнан артығы аз қамтылғандар, және мың елуге жуығы жалғызбастылар мен зейнеткерлер. 1424-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар болса, үш жүзге тартасы жетім балалар. Жылыту жүйесінің түріне келер болсақ, орталық жылыту желісіне 2334 үй қосылған. Көмір, ағашпен 3261 үй жылытылады. Ал қалған екі мыңға жуық үй көгілдір отынды пайдаланады», – дейді Өміржан Тұқышев.

Тұрғын үйлер мемлекеттік өрт бақылауына жатпағандықтан, түсіндурі және алдын алу жұмыстары өте қажет. Жылыту маусым басталғаннан бері 9317 үй прафилактикалық тұрғыда қамтылған. Өрттердің алдын алу және салдарын азайту үшін Департамент тарапынан кең көлемді профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.

«Қыркүйек айының ортасында облыстың қала және аудандарында «Бір сағат өрт қауіпсіздігі» атты акция өтті. Негізгі көздегені – өрт саны мен адамдардың қаза болу көрсеткішін азайту, өрт қауіпсіздігі шараларын күшейту. Акция барысында өрт қауіпсіздігі бойынша бейнероликтер мен аудио хабарламалар LED экрандарда және дауыс зорайтқыштар арқылы халық көп жиналатын орындарда – сауда орталықтарында, базарларда, кинотеатрларда, «Mechta», «Technodom», «Sulpak» сияқты тұрмыстық техника дүкендерінде көрсетілді. «Таза мұржа» акциясы аясында әлеуметтік осал топтарға кіретін жүз он сегіз үйдің мұржалары күйеден тазартылды. Сонымен қатар, осы үйлерге улы газ датчиктері орнатылуда. Қазіргі уақытта үш жүзге тарта датчик орнатылып отыр. Екі мың он тоғызыншы жылдан бері әлеуметтік осал топтағы үйлерге барлығы бес мыңға жуық датчик орнатылды. Оның 3430-ы улы газға, 1029-ы түтінге», – дейді департамент бастығының орынбасары.

Орнатылған дабылқаққыштардың арқасында төрт үйде улану жағдайының алды алынған. Онда көп балалы отбасылар мен жалғызбасты зейнеткерлер тұрған.

«Облыстық және қалалық телеарналарда, LED экрандарда өрт қауіпсіздігі тақырыбында бейнероликтер көрсетілуде. Жылыту маусымы басталғалы жүзден аса көрсету, отыз төрт кездесу мен жиын өткізіліп, екі жарымнан аса адам қамтылды. Білім беру ұйымдарындағы жұмыс та жүйелі. Жаңа оқу жылы басталғалы үш жүзден артық білім беру нысанында сексенге жуық дәріс, интерактивті сабақ және түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Сегіз мыңға тарта оқушы қамтылды. Сонымен қатар, жүзден аса оқу-жаттығу өткізіліп, жеті мыңнан астам адам қатысты. Қырыққа жуық экскурсия ұйымдастырылып, 845 оқушы өрт сөндіру бөлімдеріне барып, өрт қауіпсіздігі ережелерімен, өрт кезінде әрекет ету алгоритмімен және алғашқы өрт сөндіру құралдарын қолдану тәртібімен танысты. Мектептерде 96 өрт қауіпсіздігі бұрышы орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасуда және ерекше бақылауда тұр», – дейді ол.

Жылыту маусымы басталғалы облыста он өрт дерегі тіркелген. Ал тілсіз жаудың тұтануының негізгі себептері, электр жабдықтарын орнату және пайдалану ережелерін бұзу, пештерді орнату мен пайдалану ережелерін сақтамау, отты абайсыз пайдалану. Ал бір жағдай бойынша өрттің шығу себебі анықталмаған.

Сералы МЫРЗАБАЙ