Биыл бұл дода бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Байқау Қостанай жоғары автокөлік колледжінің базасында өтуде. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген мұғалімдер мен сарапшылар қатысып, өзара тәжірибе алмасып, заманауи оқыту әдістерін ортаға салып жатыр.
Осы жолы сайысқа өңірлерден 16 қатысушы іріктеліп келген. Олар өз аймақтарында үздік танылған шебер мамандар. Қатысушылар жеті модуль бойынша бақ сынайды. Тапсырмалар автокөлікке техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарына бағытталған.

– Осы бес жыл ішінде көлік саласы бойынша педагогтар мен өндірістік оқыту шеберлерінен тұратын үлкен кәсіби қауымдастық қалыптасты. Байқауға қатысуға ниеттілер қатары жыл сайын артып келеді. Қатысушылар үшін автокөлік зауытына экскурсия ұйымдастырылады. Негізгі кезең жетінші қарашаға дейін жалғасады. Барлық жұмыстарды арнайы сарапшылар бағалайды, – дейді Қостанай жоғары автокөлік колледжінің директоры Дмитрий Павленко.
Байқау тапсырмалары жыл сайын күрделене түсуде. Бұрын қарапайым тапсырмалар берілсе, қазір қатысушылардың біліктілігіне қарай талап та жоғарылаған. Мамандардың айтуынша, техника саласы дамыған сайын ұстаздар да соған сай білім мен дағдыны жетілдіріп отыруы қажет.
– Біз әрқашан келешек ұрпаққа сапалы білім беру үшін дайын болуымыз керек. Өз мамандығын жетік білмей, кәсіби шебер болу мүмкін емес, – дейді Атырау агро-техникалық колледжінің мұғалімі Жасұлан Рысқалиев.
Қатысушылар жеребе арқылы күн сайын бір модульге қатысып отырады. Бұл тәсіл олардың физикалық және психологиялық жүктемесін азайту үшін енгізілген.

Әр бөлімде қозғалтқыш пен тежегіш жүйесіне байланысты тапсырмалар беріледі.
– Барлық критерийлер WorldSkills стандарттарына сәйкес. Әр модульге жеке ұпай қойылады, ал барлығы жеті модуль бойынша ең жоғары балл – 100. Байқаудағы ең жауапты кезең – КАМАЗ-740 жүк көлігінің қозғалтқышын жөндеу, – дейді бас сарапшы Рүстем Мінеккев.
Көлік саласы мамандарының сайысында соңғы төрт жыл бойы Қостанай облысы үздік нәтиже көрсетіп келеді. Сонымен қатар Павлодар, Көкшетау, Петропавл және Ақтөбе өңірлерінің де белсенділігі жоғары.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар ұстаздар мен өндірістік оқыту шеберлерінің кәсіби дамуына зор мүмкіндік береді.
Қорытынды жетінші қарашада жарияланып, үздік деп танылған ұстаздар мен шеберлер марапатталады. Кәсіби сайыстың басты мақсаты – білікті мамандардың тәжірибе алмасуына жол ашып, техникалық және кәсіптік білім сапасын арттыру.
