ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасын іске асыру аясында №38 мекемесінде сотталған азаматтарды кәсіби даярлау бағытында маңызды жоба жүзеге асырылды. Аталған бастама қайта әлеуметтендіру саясатының тиімді тетіктерінің бірі ретінде сотталғандарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға бағытталған.
Бағдарлама аясында сотталғандар «Ландшафттық дизайн» мамандығы бойынша білім алып, «Көгалдандыру шебері» біліктілігін меңгерді.
Оқу үдерісі Солтүстік Қазақстан кәсіби даярлау және сервис колледжі жанындағы HUB «Enterprise PLUS PCPTS&S» ресурстық орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды. Заманауи білім беру тәсілдері қолданылып, курс бір ай бойы онлайн форматта өткізілді.
«Бағдарлама барысында қатысушылар ландшафттық жобалау негіздерін, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу технологиясын, сәндік өсімдіктерді таңдау мен күтіп-баптау әдістерін меңгерді. Сонымен қатар, аумақты абаттандыру, жасыл аймақтарды жоспарлау және күтім жасау бойынша практикалық білім алды», – дейді дейді Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі, әділет подполковнигі Динара Камбарова.
Оқу қорытындысы бойынша 26 сотталғанға белгіленген үлгідегі куәліктер табысталды. Бұл құжаттар олардың кәсіби даярлығын растап, бостандыққа шыққаннан кейін еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына жол ашады.
Аталған жоба сотталғандарды қоғамға бейімдеу, оларды пайдалы еңбекке тарту және қайта қылмыс жасау деңгейін төмендету бағытындағы кешенді жұмыстардың бір бөлігі. Кәсіби білім алу арқылы сотталғандар жаңа өмір бастауға, тұрақты жұмыс табуға және қоғамның толыққанды мүшесі болуға нақты қадам жасайды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
