«Жасыл ел» жобасы аясында қала аумағын тазалау, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына жастардан құралған еңбек жасақтарын құру науқаны жалғасып жатыр. Қазіргі таңда төрт бірдей жасақ құрылып, 116 адам уақытша жазғы жұмыстардың алғашқы науқанына қатысуда. Әзірге кәмелет жасқа толмаған жеткіншектеріміздің еңбекке деген белсенділігі артып отыр.
Осы жобаның үйлестірушісі Айсұлу Серікқызы еңбек тәртіптерінің былтырғыдай сақталатынын тілге тиек етіп отыр.
«Еңбекке ниет білдіргендерді жеке құжат арқылы ғана тіркеуге жібере аламыз. 16 жастан 18 жасқа дейінгі қызметкерлер үшін аптасына 36 сағаттан, 18 жастан 35 жасқа дейінгі қызметкерлерге жұмыс уақытын 40 сағаттан асырмау нормасы қойылған. Соған сай еңбекақыларын уақытылы алып отырады. Мәселен жоба қаражаты, 16 жастан 18 жасқа дейінгі жұмысшылар үшін кемінде 70 000 теңге, жеке табыс салығын қоса есептегенде, 18 жастан 35 жасқа дейінгі жұмысшылар үшін кемінде 75 000 теңге деп белгіленген, – дейді ол.
«Жазғы жұмыстардың алғашқы маусымы 15 маусымнан 14 шілдеге дейін деп белгіленді. Келесі науқан тамыздың ортасына дейін жалғасады. Осылайша қыркүйектің ортасына дейін жастарға экологиялық бағыт беру жұмыстарын қортындыламақпыз», – дейді «Жасыл ел» штабының командирі Әсем Нұрланқызы.
Осы жерде есекерте кететін жәйт, әр жасаққа жауап беретін бригадирлер 18 жастан 35 жасқа дейінгі әрі орта арнаулы немесе жоғары білімі бар болуы тиіс. Бұл жетекшілердің жалақысы кемінде 100 000 теңге көлемінде. Ондай қатысушылар ОПВ, жеке табыс салығы және медициналық жарналары болған жағдайда, расталған жәрдемақы талап етілмейтін қызметкерлер арасынан таңдалады. Жобаны Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «DamU.kst» ұйымы жүзеге асыруда.