Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын негізі қаланған «Парасат» дебат клубы бүгінде бұл ұйым – еркін ойлау, сыни көзқарас қалыптастыру мен шешендік өнерге баулитын жетекші орталықтардың біріне айналып үлгерді.
Клубтың іргесі 2004 жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында қаланған. Идея авторы – филология факультетінің студенті Гаухар Галиханова. Оның бастамасы бүгінде өңірлік деңгейде танылған ірі пікірсайыс мектебіне айналды. Клубтың басты мақсаты – жастардың ой-өрісін кеңейту, көшбасшылық қабілетін шыңдау және көпшілік алдында еркін сөйлеуіне мүмкіндік беру.

Бүгінде «Парасат» клубының жұмысын Қостанай өңірлік университетінің белсенді жастары жалғастырып келеді. Қазіргі президенті – экономика факультетінің студенті Аяжан Арманқызы. Оның айтуынша, клуб тек пікір алмасатын орта ғана емес, нағыз достық пен қолдау мекені.
– «Парасат» – мен үшін екінші отбасы. Мұнда әрбір мүше бағалы. Жеңіс те, жеңіліс те ортақ. Пікірсайыс маған өмірге басқа қырынан қарауды үйретті. Саясат, мәдениет, экономика сияқты түрлі салаларға деген қызығушылығым артты, – дейді клуб жетекшісі.
Клуб құрамында қазіргі таңда 40-қа жуық тұрақты мүше бар. Жыл сайын жаңа оқу жылының басында 150-200 студент қызығушылық танытып, мүшелікке өтініш білдіреді. Қабылдау ашық форматта өтеді. Жастар Instagram парақшасы арқылы немесе үйлестірушілермен байланысып, қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Соңғы жылдары «Парасат» көптеген аймақтық және республикалық турнирлерге қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. 2024-2025 оқу жылында клуб мүшелері Петропавл қаласындағы Қозыбаев университетінде өткен ұлттық турнирде «Жастар финалының» жеңімпазы атанды. Сонымен қатар Қарағанды, Астана, Көкшетау қалаларындағы жарыстарда да топ жарып, жүлделі орындарды иеленді. Облыстық сайыстарда үздік спикер атағы мен бірінші орындарды қанжығалады.
Қостанай жастары үшін «Парасат» – тек сөз жарысы емес, өзін-өзі дамыту алаңы. Мұнда әрбір студент пікір айту мәдениетін меңгеріп, көшбасшылық қасиетін ұштайды. Бүгінде клубтың түлектері елдің әр түкпірінде түрлі салада табысты еңбек етіп жүр.
Мерейім КӨБЕКОВА
ҚӨУ студенті
