Қостанайдағы «Мирас» мәдениет үйінде шекара қызметінде әскери борышын өтеуге аттанатын 15 жас сарбазды шығарып салу рәсімі өтті.
Бұл күні әскер қатарына шақырылғандардың ата-анасы, туыс-туған, дос-бауырлары жиналып, болашақ шекарашыларға ақ тілектерін білдірді.
Салтанатты жиында Департамент бастығының орынбасары, полковник Мадияр Өтелбаев құттықтау сөз сөйлеп, ел шекарасын күзету абыройлы әрі жауапты міндет екенін атап өтті.
– Сіздер мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, Тәуелсіз Қазақстанның шекарасының сенімді қорғаушылары боласыздар. Әрқайсыңызға антқа адал болып, абыроймен қызмет етіп келуді тілеймін, – деді ол.
Сондай-ақ сала ардагерлері мен облыс әкімдігінің өкілдері де жас сарбаздарға жылы лебіздерін арнады.
– Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік. Ел шекарасын күзету – әр азаматтың парызы. Отбасыма, достарыма, туған жеріме абыроймен оралуға уәде беремін, – деді болашақ шекарашы, арқалықтық жас жауынгер Нұрсұлтан Құлмұратов.
Салтанатты іс-шара сарбаздарды вокзалға шығарып салумен аяқталды.
