2 июня, 2025
Қостанайда жалғызбасты аналарды бейімдейтін жоба жалғасын тапты 

Қостанайда жалғызбасты аналарды бейімдейтін жоба жалғасын тапты 

 Облыстық Әйелдер күштері альянсының гендерлік орталығы  жыл сайын дәстүрлі жобаны қолға алып келеді. Қайырымды істерге  бағытталған іс-шара әлеуметтік зардап шеккен нәзік жандылардың қатарға қосылуына жол ашады. Биыл бұл жобаға 24 жастағы Қостанай қаласының тұрғыны Регина Миллер қатысып жүр.

Регина Миллер жобаға дейін

«Біз жыл бойы нәзік жандыларды қолдау жобасын өткізіп келеміз. Өмірдің қиындығын көрген кейіпкер әйелді алып,  бағыт бойынша жұмыс істейміз.  Қазіргі қатысушымыз да әлеуметтік өмірдің зорлық-зомбылығын көрген. Бүгінде  декреттік демалыста. Денсаулығында ақау бар. Шұғыл отаны қажет етед», – дейді орталық жетекшісі Юлия Бубнова.

Психолог, стилист, визажист мамандар Регинамен бастапқыда үш күн жұмыс істеді.

Киім дүкендерін таңдауға көмектесті. «Март» сауда орталығындағы «Зарина» және   «Қостанай плаза» сауда ойын-сауық орталығындағы «Махаббат» дүкендері бұл жобаға қолдау білдірді.

«Регинаға гардеробын жаңартуға көмектестім. Біз көптеген зат таңдадық. Жарқырап сырт көзге көріну адамның ішкі дүниесіне ықпал ететінін түсінді», – дейді стилист маман Райгүл Мықтыбаева бұл туралы.

Регинаға басты көмек  Kes clinic емханасында көрсетілгенін айта кетейік. Диагнозын қойып, оған ота қажеттігін хабарлады. Осылай қала беретін болса,  жүре алмай қалу қаупі бар болатын. Зақымданған омыртқасына отадан кейін өзін жақсы сезінуге ықпал ететін жабдық сыйға беріледі. Астанадан арнайы дәрігер тауып беруге уәде етті.

«Қазір кейіпкер өзгерді. Өзіне сенімді бола түсті. Бизнес жоспарын құруға талпынып жүр. Біздің жоба бойынша бір адам бақытты болды. Демеушілерге зор алғысымды білдіремін», – дейді Юлия Бубнова.

Регина да бұл  бағдарламаның қатысушысы болғанына аса қуанышты. Бастапқыда кәсібін клининг ретінде (үй тазалаушы) бастаған ол, қазір мамандығы бойынша қолынан түрлі дәм әзірлеуді ұйғарып отыр.

Регина жобадан кейін

 

«Үш күн бойы қарап шықты. Жан-жақты көмек көрсетілді. Осындай мен секілді қиындық көрген жандарға айтарым, ешқашан берілмеу керек. Үміт қашанда адамды алдамайды. Бұл жобаны қолдаймын. Қазір кәсібімді бастауды қолға алғым келеді», – дейді ол.

Гауһар Исламқызы басқаратын ол клиника бұған дейін де осындай түрлі акцияларға қатысып келді. Қайырымдылық оталарын жасауды дәстүрге айналдырған. Осының алдында ғана сәтсіз жасалған пластикалық отаның үстіне ота жасауға жәрдем етті.

«Бізге қайырымдылық жобасының адамдары бір пациентіміз арқылы шықты. «Осындай қайырымдылық іс-шара өтіп жатыр соған қатысуға қалай қарайсыз?»  деді. Әуелден тәжірибемізде бар дүние болғандықтан, қолдауға бекіндік. Гендрелік орталықпен мәселені талқылап алдық. Жобаға қатысушыға шұғыл медициналық көмек керек екенін білдім. Бірден кеңес алуға шақырдым. Білікті ортопед Ермек Қоржынкеев шұғыл ота қажет екенін айтты», – дейді клиника жетекшісі Гауһар Исламқызы.

Бұл ота Астанадағы ортопедия орталығында жасалуы қажет. Квота бойынша тегін өтетін болғандықтан, порталға қою арқылы жүзеге асырылады. Клиника атынан отадан кейінгі корсет ұсынылды. Оның үстіне клиника тарапынан  бейімдеп, бақылауға алынатын болды.  Қазір қатысушыны порталға қою жұмыстары жүріп жатыр.

Айбек ЖҮЗБАЙ