Қостанай қаласында жәндіктерді қорғауға арналған ерекше ауқымды акция бастау алды. Эко белсенді Наурызбек Бірмағамбетовтың бастамасымен облыс аумағындағы ірі саябақтарға жәндіктер үшін 100-ден астам ұя орнатылды.
Ұяшықтар қоңыздар мен аралар сияқты табиғатқа пайдалы жәндіктерді қорғау үшін қажет.
«Аралар өсімдіктердің тозаңдануын қамтамасыз етеді, ал қоңыздар түрлі зиянкестермен күресуге көмектеседі. Мұндай құрылымдар қоғамдық кеңістіктердегі экожүйені сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан облысымыздың аудан, қалаларында ұяшықтарды орнатудамыз. Бүгін Қостанай қаласында үш орынға, орталық саябақта екі жерге, Триатлон паркке және Жеңіс саябағына ілдік. Ұялардың бірін арнайы түзету интернатының 7-сынып оқушысы сыйға тартты», – деді «Neco» экологиялық клубы» қоғамдық қорының жетекшісі Наурызбек Бірмағамбетов.
Экологиялық жобаны жүзеге асыруға Қостанай облысының қоғамдық даму басқармасы қолдау білдіріпті. Акция аясында бір күнде облыс аумағында 100-ден астам ұя орнатылған. Ерекше шараға жастардан құралған 60-тан астам қатысушы үлес қосты. Эко белсенді бастаманың ауқымын кеңейтуді мақсат тұтып отыр.
«Биологиялық әралуандылықты сақтау туралы ізденгенбіз. Нәтижесінде жойылып кету қаупі бар сирек кездесетін жәндіктердің мекенін қорғау қажеттігін түсіндік. Ендігіде бұл бағытты кеңінен насихаттағымыз келеді. Қазірдің өзінде жәндіктердің тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасаудамыз. Ұя орнатумен шектеліп қалмаймыз. Алдымызда эко инфрақұрылымды дамыту мақсаты тұр. Жәндіктер қоректенетін сан түрлі гүлдер мен өсімдіктер егуді жоспарлап отырмыз», – дейді ол.
Ұяларға күтім жасаудың қажеті жоқ екен. Жетісіне немесе ай сайын бір шолып, ақауы болса жөндеп, қисайып қалса түзетіп қоймақшы. Бұл бастама Қазақстан бойынша тұңғыштардың қатарында. Бұрын соңды елімізде жәндіктерге ұяшық қою туралы ешқандай жұмыс жасалмапты. Ал әлемде кең тараған.

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын орындау тек қана қоқыс жинаумен, сенбілікке шығумен шектелмесе керек. Наурызбек секілді қоршаған ортаның жай-күйіне сүйіспеншілікпен қарап, табиғатты аялау әлде қайда тиімді.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Василий Васильев
