Қостанайда заңсыз несие берген азамат сотталды

Қостанайда заңсыз несие берген азамат сотталды

Қостанай облысында лицензиясыз ақша беріп, заңсыз микрокаржылық қызметпен айналысқан жергілікті тұрғынға сот үкімі шықты.

Тергеу мәліметінше, ол OLX пен Instagram арқылы жарнама беріп, банктен несие ала алмай жүрген адамдарға жоғары пайызбен қарыз ұсынған. Кей жағдайда жылдық сыйақы мөлшерлемесі 120 пайызға дейін жеткен.

Қарыз рәсімдеу кезінде келісімшарттарға адамдардың нақты алған ақшасы емес, оған алдын ала есептелген пайыздар мен түрлі қосымша төлемдер қосылып, әлдеқайда үлкен сома жазылған.

Мысалы, бір азамат қолына 9 миллион теңге алғанымен, құжатта 14 миллион теңге көрсетілген. Кейін оған ешқандай ақша берілмесе де, тағы 18 миллион теңгелік келісімшарт жасалған. Соның нәтижесінде сот арқылы жәбірленушіден 26 миллион теңге өндірілген.

Осындай тәсілмен 50-ден астам адам тиімсіз шарттармен қарыз алуға мәжбүр болған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, заңсыз қызметтен түскен табыс 1 миллиард теңгеден асқан.

Сот айыпталушыны 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, заңсыз табысқа сатып алынған төрт пәтер, екі жер телімі және Mercedes-Benz G500, Dodge RAM 1500, Hyundai Santa Fe автокөліктері мемлекет меншігіне тәркіленді.