Қостанайда «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде «Мүмкіндік» акиясы ұйымдастырылды

Қостанайда «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде «Мүмкіндік» акиясы ұйымдастырылды

Облыс орталығының мүмкіндігі шектеулі жандары әлеуметтік-құқықтық іс-шараға келіп, өз мәселелеріне жауап алды. Акцияға облыстық прокуратура органдары, жергілікті атқарушы органдардың, уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері, жұмыс берушілер, оқу орталықтары мен еріктілер қатысты.

«Бұл іс-шара бір мезетте облыстың барлық қала мен аудандарында басталды.  Мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға бағытталған. Аталған мәселенің өзектілігі – мұндай санаттағы азаматтардың мәселелері жүйелі әрі атаулы қолдауды талап ететіндігінде. Әсіресе, олардың әлеуметтік қорғалуына қатысты мәселелер бүгінгі күні аса маңызды болып отыр. Басты көздегеніміз мүмкіндігі шектеулі жандарға құқықтық көмек көрсету, олардың әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін шешуге жәрдемдесу», – дейді облыс прокурорының орынбасары Бауыржан Бекбосынов.

Семей өңірінің тумасы Ғалымбек Нұратаев Қостанай облысына қоныс аударғанына бірнеше жылдың жүзі болған. Семей полигонына байланысты берілетін жеңілдіктер мен төлемдер туралы мәселені нақтылау үшін келіпті.

blank

«Осыған дейін мамандармен сөйлесіп, қажетті анықтамаларды алдым. Енді сол құжаттар бойынша төлем тағайындау тәртібін толық білгім келеді. Менде екінші топтағы мүгедектік бар. Бұрын Семейде тұрған кезде тиісті төлемдерді алып жүргенмін. Кейін осы жаққа бағыттама арқылы келіп, осында жұмыс істедім. Семей полигонына байланысты қандай қосымша төлемдер немесе жеңілдіктер қарастырылғанын білгім келді. Мені сұрағым бойынша жауап беретін мекеме өкіліне жіберді. Жауап алдым. Бірнеше құжаттар жинап, барлығын реттестіруімді сұрады», – дейді Ғалымбек Нұратаев.

Ал Гүлбану Ілиясова Қостанай қаласында 2006 жылдан бері тұрып келеді. Пәтерді он жылдан кейін алған. Пәтерге жөндеу жұмыстарына көмек қарастырылған ба? Соны анықтамаққа келіпті.

 

blank

«Пәтерімнің кафелдері құлайын деп тұр. Шамалы жөндеу жұмыстарына көмек болады ма екен? Соны білуге келдім. Мүмкіндігі шектеулі адам ретінде коммуналдық төлемдер бойынша да ешқандай жеңілдік немесе көмек ала алмайды екенмін. Жәрдемақы аламыз, жартысы төлемдерге жұмсалады. Ар жағында шамалы ғана қалады. Шамалы сол жағынан көмек болса деп едім. Пәтерім де жөндеуді де қажет етіп тұр. Осы мәселе бойынша жүгінгенімде, депутаттармен кездестіріп, көмектесетіндерін айтты. Соған үміт артып отырмын», – дейді тұрғын.

Светлана Колоскова инватаксиді пайдалану ережелерінің өзгеруіне байланысты сұрағымен келген. Сөзінше, пайдалану ережесіне өзгерістен енгізілгелі жатыр екен.

blank

«Әзірге бүгінге дейін қатынап жүрміз, бірақ дүйсенбіден бастап қалай жүретініміз белгісіз. Оның үстіне, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға инватакси мен жеке көмекші қарастырылған. Ал мен екінші топ мүгедегімен. Арбамен жүремін, бірақ жанымда еріп жүретін көмекшім жоқ. Жеке оңалту бағдарламасы бойынша маған көмекші қарастырылмаған. Сондықтан дүйсенбіден бастап қалай қатынайтыным түсініксіз. Осы мәселені нақтылап алғым келеді. Өзгертілген ережелерге сәйкес өтінімдер жаңа тәртіппен қабылдануы мүмкін. Жұмыс істеймін. Қазіргі жұмыс орным бар, бірақ денсаулығыма байланысты оны ауыстырғым келеді. «1414» колл-орталығында оператор болып жұмыс істеймін. Бірақ бұл жұмыс маған қиындық тудырып отыр. Себебі есту қабілетім нашарлап барады, сондықтан сөйлесу қиындау. Өз мүмкіндіктеріме сай басқа жұмыс іздегім келеді», – дейді мүмкіндігі шектеулі жан.

Осылайша мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініштері мен ұсыныстары қаралып, бірқатар мәселелер сол жерде шешімін тапты. Күрделі сұрақтар тиісті мекемелердің қарауына жолданды. Мамандар әрбір өтініштің назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

blank blank

Жалпы алғанда, Қостанай облысында 29 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде шамамен 13 мыңы ауылдық жерлерде, яғни облыс аудандарында өмір сүреді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – автор