28 июня, 2025
Қостанайда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті рейд өтті

Қостанайда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті рейд өтті

Бұл жолы мобильді топ Дорожников көшесіндегі рұқсат етілмеген қоқыс орнына барды. Топ құрамында полицейлер, экологтар, табиғи ресурстар басқармасының өкілдері және журналистер болды.

Қоқыс үйіндісінен тұрмыстық қалдықтар, құрылыс материалдары және табиғатқа зиян келтіретін түрлі заттар табылды. Мұндай заңсыз қоқыс орындары қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді.

«Республика бойынша жүргізіліп жатқан бұл экологиялық акция Қостанай облысында да жүйелі сипатқа ие. 2024 жылдың басынан бері облыста 5 мыңға жуық рейд өткізіліп, 48 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды. Оның 35-і жойылды. Анықталған барлық деректер тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті әкімдіктерге жіберіледі. Осы уақытқа дейін абаттандыру ережелерін бұзуға қатысты 4000-нан астам жағдай тіркелді», – дейді жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Толқын Әбілнасыров.

Қалалық полиция бөлімінің бастығы Ернұр Алтаевтың айтуынша, жыл басынан бері Қостанайда 4 ірі қоқыс үйіндісі анықталып, 1500-ге жуық тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Құқық бұзушыларды анықтау жұмыстары әлі де жалғасуда. Полицейлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505 және 344-баптарына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Бұл баптар абаттандыру ережелерін бұзу және рұқсат етілмеген қоқыс тастау бойынша шаралар қолдануға мүмкіндік береді. Экологтар қоқыс ошақтарын қадағалау үшін «Ғарыш сапары» спутниктік жүйесін қолдануда. Бұл жүйе нақты мәліметтер беріп, жұмыстардың тиімділігін бағалауға көмектеседі», – дейді ол.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 38 мобильді топ жұмыс істейді. Олар қоқыс орындарын анықтап қана қоймай, олардың жойылуын да қадағалайды. Қаңтар айында өткен жиында экологтар мен полицейлер стихиялық қоқыс орындарына қарсы күресте «фото тұзақтарды» – портативті бақылау камераларын қолдану идеясын ұсынды. Бұл камералар нақты уақыт режимінде заңбұзушылықтарды тіркеп, кінәлілерді анықтауға мүмкіндік береді.

Қостанай облысында заңсыз қоқыс үйінділерімен күрес тек рейдтермен ғана шектелмей, заманауи технологиялармен де жалғасып жатыр. Бұл шаралар қоршаған ортаны қорғауға және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Рейдтер мен бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады.