Қостанайда Тәуелсіздікке жаңа топтама тарту етілді

Қостанайда Тәуелсіздікке жаңа топтама тарту етілді

Тәуелсіздік мерекесі – жүрегі Отан деп соққан әрбір азаматтың қасиетті мейрамы, еліміздің ең басты тойы. Еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында ҚӨУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықтың «Хамса – бес кітап» атты жаңа топтамасының тұсаукесер рәсімі өтті.

Ғалымның бұл еңбектерін екіге бөліп қарауға болады. Біреуі – Ұлы дала аңыздары немесе фольклорлық әдіс-шығармалары, екіншісі Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына қатысты кейбір беймәлім деректер қамтылған. Тарихи құжаттарға, ғылыми зерттеулерге негізделіп жазылған, қазақ тілінде басылған монографиялық кітаптар қалың оқырман қауымға жол тартты.

Іс-шара барысында ғалымның Алаш жолы және Ахмет Байтұрсынұлы: ғылыми зерттеулер. Тауқымет (Ақымет Байтұрсынұлы қызметінің бел-белестері). Құжаттар мен материалдар жинағы.Ұлы Дала аңыздары (ХІІІ- ХҮІІІ ғғ.): Жошы ұлысы және Қазақ хандығы кезеңі. Фольклорлық, тарихи-филологиялық талдау. Абылай хан және іргелес мемлекеттер мен халықтар. Ұжымдық монография. Алтын орда дәуірі және қазақ фольклоры. Ұжымдық монография кітаптары таныстырылды.

«Ұлы Дала аңыздары», «Абылай хан және іргелес мемлекеттер мен халықтар» ұжымдық монографияның тұсауын осы оқу орнының тарих ғылымының кандидаты қауымдастырылған профессоры Өтеген Исенов, Спандияр Көбеевтің ұрпағы Бауыржан Тебеев, Кейкі батыр Көкембайұлының ұрпағы, кәсіпкер Сейітқали Қошанов, белгілі заңгер Хасенов Бақытжан кесті.
Облыстық маслихаттың депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің Қостанай облысы бойынша төрағасы Қырмызы Жаңбыршина құттықтап, қазақ руханиятына қосылған қомақты үлес деп атап өтті.

«Алаш жолы және Ахмет Байтұрсынұлы», «Тауқымет» кітаптарының тұсауын тарих ғылымдарының докторы, профессор Дмитрий Легкий, Ахметтанушы Ибрагим Ағытай, педагогика ғылымдарының кандидаты Тілеген Ахметов, Қостанай облыстық мешітінің наиб-имамы Бақытжан қажы Икрамұлы кесті.

«Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы «Алаш жолы және Ахмет Байтұрсынұлы» атты кітабына жоғары баға берді.

«Қаламдас досымыз Алмасбек Әбсадықтың шығармашылығын өткізіп жатқандарыңызға қуанып отырмыз. Екінші жағынан, ғалымды қадірлеу арқылы бұрынғы Ахаңнан басталған өнегелі жолды жалғастыруларыңыз деп есептейміз. Жастарға көрсетіп жатқан үлгілеріңіз басқа да оқу орындарына өнеге болса дұрыс болады. Әріптесім Амантай Шәріп мырза Алмасбек туралы айтып жатыр. Шынында да, Алмасбек Әбсадық азамат ретінде, ғалым ретінде, қоғам қайраткері ретін көптен білеміз. 1990 жылдары Ұлттық Академиясында қызмет жасап, осы Қостанайдан ізденуші ретінде келіп, фольклюристиканы тақырып ретінде таңдап, кейіннен барып Қазақстанның белгілі ғалымы Сейіт Қасқабасовтың жетекшілігімен Абылайхан туралы тамаша диссертацияны қорғады. Ғылымда өз соқпағы бар екенін көрсетті. Ұлы Даланың мұрасы. Екінші Ахаңа байланысты. Екеуі де Алмасбек мырзаның зерттеу бағытына сәйкес келеді. Өйткені тарихи жырлар, Абылайхан дәуірі бәрі де Жошы ұлысының, Шыңғысханнан бері қарай келе жатқан біздің қазақ тарихымен байланысты. Сондықтан фольклюртанушы, әдебиеттенушы әрі тарихшыларға ой тамызық айтқан ғалым ретінде Алмасбектің ойы да, тұжырымдасамы да ерекше, –  деп пікір білдірді Дихан Қамзабек.

Тұсаукесерге жиылған зиялы қауым жаңа кітап барша қазақстандықтар үшін құнды дүние екенін атап өтті. Әсіресе жас ұрпақтың ғылыми зерттеулер мен еңбектер туралы біліп қана қоймай, Жошы ұлысы және Қазақ хандығы кезеңі. Фольклорлық, тарихи-филологиялық талдау жасауға септігін тигізеді деп, сенім білдірді.

«Бұл еңбектер – бірнеше жылдың жемісі. Бес кітапты екі үлкен топтамаға бөлуге болады. Біреуі – Ұлы дала аңыздары немесе фольклорлық әдіс-шығармалар. Екіншісі – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына қатысты еңбектер. Ахмет Байтұрсынұлына қатысты кітаптар «Тауқымет» деп аталады. Таза архивтік материалдар негізінде жазылған. Екінішісі – «Алаш жолы және Ахмет Байтұрсынұлы».  Ахаңның ғұмырнамасындағы беймәлім деректерді келтірдік. Ал, Ұлы дала аңыздарына келер болсақ, Алтын Орда заманынан, Жошы хан тұсынан бастап Қазақ хандығы тұсындағы белгілі аңыздарды талдап, филологиялық, фольклорлық, тарихи тұрғыдан талданған еңбек. Сонымен, Алматыдағы әдебиет және өнер институтымен және тарих және этнология институтымен ұжымдық монографиялар. Бұл да фольклорлық шығармалар. Абылайға қатысты, бірі Жошы ұлысындағы фольклорлық шығармалар дүниеге келіп, биыл сабақты ине сәтімен болған жыл болды. Осы кітаптар оқырмандардың жүрегінде орын табады ғой деп ойлаймын», – дейді кітаптардың авторы Алмасбек Әбсадық.

Айта кету керек, тұсау кесер рәсіміне онлайн форматында Алматы, Астана, шетелдерден ғалымдар қатысып, жарық көрген еңбектері жайлы жылы пікірлерін білдірді.

«Нақты беймәлім деректер болғанда, Ахмет Байтұрсынұлының Қостанай кезеңі және Омбыдағы кезеңі қамтылған. Ахмет Байтұрсынұлы Қостанай педагогикалық сыныбында және Орынбаев мектебінде ұстаздық еткен. Қазіргі Меңдіқара ауданында болған мектеп. Сонымен қатар, бұл Ахмет Байтұрсынұлы Омбыда А.Е.Алекторовтың іс жүргізушісі болған. Қарқаралы кезінде қамтылады. Ахмет Байтұрсынұлының қай уақытта Қарқаралыға барғанын қай кезде абақтыға қамалғаны жайлы деректерді тауып, жинаққа енгіздік. Осы тұстары ғылымда мүлдем белгісіз еді. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Еліміз Тәуелсіз болмаса осындай зерттеулерді жасауға ғалымға мүмкін емес деп ойлаймын», – дейді ғалым.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу