Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті суррогаттық алкоголь өнімдерін өндіру және сату фактісі бойынша алдын ала тергеуді аяқтады.
2023-2024 жылдар аралығында күдіктілер Қостанай қаласында тіркеусіз, спиртті суға араластырып, концентрациясы 40%-ға дейін жететін алкоголь өнімдерін өндірген.
Алынған қоспа бөтелкелерге түрлі атаулармен («Родники Сибири», «Биткойн», «Чистое серебро», «Алтайская вершина», «Белый лебедь») құйылып, облыс аумағына таратылған.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметі бойынша, 1 мың литр спирт, 8 мың бөтелке «Родники Сибири», «Биткойн», «Чистое серебро», «Алтайская вершина», «Белый лебедь» маркаларының арақтары, 22 мың бос бөтелке, 27 мың қақпақ және жалған есептеу-бақылау маркалары тәркіленген.
Құқықбұзушылықтан алынған жалпы қылмыстық кіріс 8,7 миллион теңгені құрады.
Құқық қорғау органдарының санкциясымен суррогаттық алкоголь өнімдерін тасымалдауға қолданылған 6 миллион теңге құнды «VOLKSWAGEN LT» автокөлігі тәркіленді.
Күдіктілерге қатысты тергеу шаралары жүргізіліп, олардың тұрғылықты жерінен кетпеу және тиісті тәртіпті сақтау туралы қолхат
алынған.