Қостанайда студенттер үшін «Jas Talks» диалог алаңы өтті

Қостанайда студенттер үшін «Jas Talks» диалог алаңы өтті

Қостанай қаласында жастардың көшбасшылық қабілеті мен көпшілік алдында сөйлеу шеберлігін шыңдауға арналған «Сенімді сөйле: көпшілік алдында сөйлеу өнері» тақырыбында «Jas Talks» диалог алаңы болды.

Іс-шара барысында спикерлер студенттердің аудиториямен тиімді қарым-қатынас орнату, өз ойын сенімді де жүйелі жеткізу және жас мамандардың коммуникативтік дағдыларын дамытуға қолдау көрсету турасында сөз сөйледі.

Кездесуде қатысушылар сахна алдындағы толқуды жеңу, аудитория назарын аудару, сөзді дұрыс құрастыру, дауыс ырғағымен жұмыс істеу және тыңдаушылармен тығыз байланыс орнату тәсілдерін практикалық турде талқылады.

Тәжірибелік диалогта өз саласының білікті мамандары спикер ретінде бой көрсетті. Олар өңірлік және облыстық ауқымды іс-шаралардың жүргізушісі Евгений Сотников, шешендік өнер бойынша тренер Юлия Соловьева және «QOSTANAI» телеарнасының дикторы Рахат Сейткан.

«Көпшілік алдында сөйлеу – бұл туа біткен талант емес, үздіксіз жаттығудың нәтижесінде қалыптасатын дағды. Спикер үшін ең бастысы – сахнада шынайы болу және өз сөзіне сену. Толқудың болуы заңды, бірақ оны қорқынышқа емес, аудиторияға беретін қуатты энергияға айналдыра білу керек. Бүгінгі «Jas Talks» алаңында жастардың бойындағы осы потенциалды көріп, қуандық», – деді жүргізуші Евгений Сотников.

blank

Спикерлер студенттермен өз тәжірибелерін бөлісіп, сахнадағы тосын жағдайлардан шығудың сырларымен бөлісті. Еркін форматында өткен жүздесуде жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан практикалық кеңестер алды.

blank

Айта кету керек, танымдық кездесуді «Әділет» партиясы Қостанай облысы филиалының Жастар қанаты ұйымдастырды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған — «Әділет» партиясының баспасөз қызметі