24 мая, 2025
Қостанайда республикалық «Qaisar» әскери-патриоттық жобасының іріктеу кезеңі өтті

Қостанайда республикалық «Qaisar» әскери-патриоттық жобасының іріктеу кезеңі өтті

Бүгінгі таңда жас ұрпақтың бойында елжандылық қасиеттерді қалыптастыру – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Аталған жоба – жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін күшейтуді, олардың бойында төзімділік, жауапкершілік, тәртіп пен ұйымшылдық қасиеттерін дамытуды көздейді.

Сонымен қатар, бұл бастама әскери қызметтен жалтару секілді теріс үрдістердің алдын алуға бағытталған. Жобаның бастамашысы – «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты. Жобаның табысты өтуіне Алғашқы әскери дайындық пәні бойынша оқу-әдістемелік орталығы айрықша қолдау көрсетіп, әдістемелік және ұйымдастырушылық тұрғыда көмек көрсетті.

 «Qaisar» жобасының бағдарламасы жастарды жан-жақты дамытуға бағытталған. Оған тек әскери емес, рухани және зияткерлік тәрбие элементтері де енгізілген.

 

Іріктеу кезеңі барысында қатысушылар бірнеше бағыт бойынша жарысты. Олар «Сарбаз жолы» – тактикалық кедергілер жолағы, шағын-эстафета – жылдамдық пен ептілікке негізделген командалық жарыс, «Мерген ару» – дәлдік пен шоғырлануды қажет ететін мергендік сайысы, «Рухты сарбаз» – ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлерге негізделген сайыста күш сынасты. Бұл кезеңдер жастардың дене даярлығын ғана емес, олардың зияткерлік деңгейін, логикалық ойлау қабілетін, командалық рухын және ұлттық құндылықтарға деген құрметін де сынады.

Жобаның облыстық кезеңіне Қостанай өңірінің әр ауданы мен қалаларынан келген 10–11 сынып оқушыларынан құралған 15 команда қатысты. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдықты және Отанға деген сүйіспеншілігін айқын көрсетті.

Қазылар алқасы жарыс нәтижелерін бағалау кезінде әділдік пен ашықтықты басшылыққа алды. Нәтижесінде Қостанай қаласы білім бөлімінің «Бауыржан Момышұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектебі» КММ командасы үздік атанып, жеңімпаз деп танылды.

Жеңімпаздар алдағы 1–4 мамыр аралығында Қарағанды қаласында өтетін республикалық «Qaisar» әскери-патриоттық ойынында Қостанай облысының намысын қорғайды.

– «Qaisar» жобасы – бүгінгі жасөспірімдерді ертеңгі ел қорғаны болуға баулитын ерекше платформа. Біз бұл жобаны тек жарыс ретінде емес, ұлт болашағына салынған рухани инвестиция ретінде қарастырамыз. Жастар бойындағы нағыз патриотизм – тек ұран емес, нақты іс-әрекетпен көрінуі керек, – дейді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Аружан Сәрсенбаева.

Жоба барысында қатысушылар тек физикалық жаттығулармен ғана шектелмей, патриоттық әндер шырқап, әскери анттың мәнін түсініп, бір-біріне қолдау көрсету арқылы нағыз командалық рухты қалыптастырды.

Қоғамда жастардың әскери борышты өтеуге деген ынтасын арттыру – тек әскер қатарына шақыру емес, жалпы ұлттық қауіпсіздіктің алғышарты. Осы ретте осындай жобалардың мәні мен маңызы зор екеніне көз жетеді.

Жанбосын НОҒАЕВ,
Тимур ШАГИРОВ,
ҚӨУ студенттері

Суреттерді ұсынған – «AMANAT» партиясының
Қостанай облыстық филиалының баспасөз қызметі