Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде қазақтың көк байрағы желбіреді. «Қыран елім, Қазақстаным» атты мерекелік гала-концерттің алдында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов патириот жастарды ұлттық мейраммен құттықтады.


«Тарихи мерекенің қарсаңында тұрмыз. Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын еліміздің егемендігі туралы декларациясына қол қойған күнді атап өту туралы үкім шығарды. Содан бері ұлттық мереке статусына қайтадан ие болған еді. Биыл сол егемендік декларация қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Осы кезеңде өсіп жатқан жастар сіздер ең бақыттысыздар. Ата-бабымыз жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ғасырлар бойы аңсап келген азаттығына қол жеткіздік. Тәуелсіз болу бір, бірақ сол азаттықты ұстап қалу бір бөлек. Біз Қазақстанның бүгіні болсақ, сіздер келешегісіздер», – деді Бақытжан Нарымбетов.
Мемлекет басшысы жастарға үнемі ерекше назар аударып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жастар жылын жариялады. Ол Еріктілер жылына жалғасты. Міне, биыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп белгіленді. Осы жылы өңіріміз тың жаңалықтарға толы болып жатыр. Қостанайда Қазақстанда теңдесі жоқ өңірімізді автомобиль құрастыру жолындағы орталығына айналдырар зауыт ашылды.

Әлі де алда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өндіріс орындары ашылады. Рудный қаласы да ERG компаниясымен біріге отырып, қара металлургия орталығына айналғалы жатыр. Қалада металлды қайта өңдеу зауыты салынады. Оған 1 млрд долларға жуық қаржы қарастырылды. Бұрын тек ауыл шаруашылығымен танылған Қостанай біренр жылда индустрияға бет бұрған өңірге айналды.

Оқу орнының ректоры Сейітбек Қуанышбаев жастарға айтулы меркенің маңызын түсіндіріп өтті.

«Бұл мереке ел тарихының бастауы болған күн. Осыдан отыз бес жыл бұрын егемендік туралы қабылданған декларация жаңа дәуірдің есігін ашты. Осылайша ұлттық рухымыз салтанат құрды. Бүгінде Қазақстан экономикалық өсудің жарқын үлгісіне қадам басты. Тәуелсіз елдің болашағы білімді де білікті жастардың қолында. Осы орайда университетіміздің ел дамуының маңызды тірегіне айналып отырғанын айтқым келеді. Жас ұрпақтың бойында елжандылық, парасаттылық. жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруды басты мақсат етеді. Елдің түкпір-түкпірінен келіп білім алып жатқан жастар болашаққа үлес қосуға ұмтылады», – деді оқу орнының басшысы.
Білім ордасының үздік оқытушылары мен белсенді жастарына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды. Университеттің ілгерлеуіне үлес қосқан тұлғалар – Әсия Беркеноваға, Ақмарал Ералинаға, Әлия Балғабаеваға «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі тағылды.

Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген – Диана Алмасқызы
