21 июня, 2025
Қостанайда қосымша білім беру ісіне назар аударыла бастады

Қостанайда қосымша білім беру ісіне назар аударыла бастады

Облыста 2024-2026 жылдарға арналған балаларды сауықтыру және олардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін дамыту жөніндегі Жол картасын іске асыру шеңберінде бірқатар жұмыстар жүзеге асып келеді.

Бұл мәселе «AMANAT» партиясы облыстық филиалының жанындағы кеңес отырысында қаралды. Онда облыс білім басқармасы балаларға қосымша білім беру және тәрбие бөлімінің жетекшісі Қарлығаш Мырзажанова қосымша білім беру жобаларын алға тартты.

«Биыл Жанкелдин ауданында 90 орындық балалар шығармашылық үйін ашу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта бұрынғы арнайы орта білім беру ғимараты толығымен дайын. Байланыс, жылу желілері, электр энергиясы жұмыс істейді», – деді Қарлығаш Мырзажанова «Аманат» партиясы облыстық филиалының кезекті басқосуында.

Осының алдында облыстық білім басқармасы келер қыркүйекте шығармашылық үйінің ашылуын ескере отырып, 4 айға мәслихаттың наурыз сессиясына 65 млн теңгеге бюджеттік өтінім берді. Алайда өтінім мақұлданбаған. Бюджеттік өтінім мәслихаттың мамыр айындағы сессиясына қайта берілді.

 «Тағы бір қуанышты жағдаймен бөліскім келіп тұр. 2027 жылы Қостанай ауданында балалар өнер мектебін салу жоспарланды Қосымша білім беру жүйесін дамыту үшін бірқатар шаралар қабылданып жатқанын атап өтемін. Мәселен, соңғы 3 жылда облыстық бюджеттен мектеп спорт мүкәммалын сатып алуға 602 млн.теңге бөлінді. 2023-2024 жылдары 18 қосымша білім беру ұйымына 235,4 млн теңге сомасына ағымдағы жөндеу жүргізілді. 248,3 млн.теңге сомасына 43 ұйым. жиһаз, музыкалық аспаптар мен компьютерлер сатып алынды», – деді спикер.

Жақында Қостанай ауданының Тобыл қаласында музыка мектебі мен балалар шығармашылық үйінің жаңа ғимараты салынды. Бұл ұйым қызметінің бағыттарын кеңейтуге мүмкіндік бергенін айта кетейік.

Кеңесте балалардың жазғы демалысы, денсаулық, суицид мәселелері де әңгімеге арқау болды. Материалдың толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суреттерді ұсынған партияның облыстық филиалы