24 июня, 2025
Қостанайда қолға алынған ірі инвестициялық жобалардың іске асу барысы талқыланды

Қостанайда қолға алынған ірі инвестициялық жобалардың іске асу барысы талқыланды

Қостанай қаласындағы ірі инвестициялық жобалар ерекше қарқынмен жүзеге асып жатыр. Көбі бірер айдан кейін алғашқы өнімін шығңара бастамақ. Бұл жөнеінде облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен отырыста айтылды.

Жиында облыс орталығында іргесі қаланып жатқан ірі жобалардың қазіргі жай-күйі туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, КІА, КамLit зауыттарының, автокомпоненттер өндіретін орталықтың құрылысы, инфрақұрылыммен қамсыздандыру барысы жөнінде сөз етілді.

Мәселен, КІА зауыты маусым айында пилоттық өнімін шығаруды жоспарлап отыр. Ал қазан айында толық іске қосылмақ. Таяу арада кәсіпорынға су, газ беріледі.

Сондай-ақ КамLit өндіріс орнының құрылысы 95 пайызға аяқталған. Инфрақұрылым мәселесі толығымен шешімін тапқан. Зауыт шілде айында алғашқы өнімін шығаруды көздеп отыр. Алғашқы ауысым жұмысшылары толық жасақталыпты. Соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған елдегі бірегей кәсіпорынға қажетті мамандар даярлау үшін де жергілікті оқу орындарымен тығыз байланыс жасалып отыр. Облыс басшысына баяндалғандай, аталған кәсіпорындарда қолбайлау боларлықтай ешқандай мәселе жоқ, жұмыс қарқынмен, мерзімге сай жұрып жатыр.

Автокомпоненттер өндіретін зауыт құрылысы да 20,5% аяқталып тұр.  Қазір қабырғаларын сендвич-панельмен қапталып жатыр. Инженерлік коммуникациямен қамту шаралары құрылыс ортан белден ауғаннан кейін қолға алынады. Мұндағы алаңдататын мәселе – құны 1 млрд теңгені құрайтын  екі қосалқы станция қажет.

«Бастысы, құрылыс жұмыстары мерзімінен кешіктірілмей әрі сапалы салынуы керек. Инфрақұрылым жағынан, туындап отырған өзге түйткілді проблемалар жағынан қолдау-көмек көрсетуге, шешімін іздестіруге дайынбыз. Бұдан бөлек, маман даярлау мәселесі де жіті назар бөлуді қажет етеді. Айталық, реті келсе, мамандарды бізге технологиясын орнатып жатқан Кореяға жіберіңдер, көрсін, үйренсін. Олардың нақ осындай әкімшілік қолдауы керек», – деген пікір айтты өңір басшысы.

Бұдан бөлек, «Құрғақ порт» көлік-логистика кешенінің келешегі де сөз болды. Қазір бұл жоба сараптама деңгейінде, бұған 200 млн теңгедей инвестиция құйылған. Сонымен қатар «Большевичка» тігін фабрикасын жаңғырту, бидайды тереңдете өңдейтін зауыттың, «Кондитерлік астана» фабрикасының  және басқа да нысандардың құрылыс барысы талқыланды.

Суреттерді түсірген – Бердібола КӨРКЕМБАЕВ