Ол жердегілер құрылысты заңсыз жүргізген. Атап айтқанда Қайырбеков көшесіндегі №60-үйдің салу заң талаптарын өрескел бұзған көрінеді. Бұл жайында облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Динара Ихласова өңірлік коммуникациялар алаңындағы кезекті брифингте хабарлады.
Аталған нысан Сьянов, Гоголь, Қайырбеков көшелері мен Әл-Фараби даңғылының шекарасында бой көтеріп жатыр. Өкінішке қарай, кәсіпкер Алмат Айтқожинов бұл құрылысты жобалау-сметалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау туралы хабарламасыз өз бетінше жүргізгені анықталыпты.
«Бірнеше тұрғыннан келіп түскен шағым негізінде Қайырбеков 60 мекенжайындағы көп қабатты тұрғын үйге қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Тексеріс нәтижесінде сот қаулысымен жеке тұлға Алмат Айтқожинов Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 316-бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәсіпкерге жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және тиісті құжаттамалар дайын болғанға дейін құрылысты тоқтату туралы бұйырық берілді. Талап биылғы жылдың 31-желтоқсанына дейін орындалуы тиіс. Заңның сақталуын мемлекеттік сот орындаушы қадағалайды, ол біздің құзыретімізге жатпайды», – деді Динара Ихласова.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 316-бабы бойынша, яғни, жобалау-сметалық құжаттамасы жоқ нысанды салғаны үшін жеке тұлға Алмат Айтқожинов 120 АЕК (471 840 теңге) көлемінде айыппұл арқалапты. Кәсіпкер бүгінде айыппұлды төлеген. Құрылысты тоқтату және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жөніндегі Бұйрық 26 қазанда шықты. Егер, ол орындалмаса мемлекеттік сәулет, құрылыс, бақылау басқармасы қайтадан тексеріс жүргізеді. Нәтижесінде тағы да жаңадан әкімшілік айыппұл салынбақ.
29-қазанда жоғарыда аталған Сьянова, Гоголь, Қайырбеков көшелері, Әл-Фараби даңғылының бойындағы аумақты егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына қатысты қоғамдық тыңдау өткен еді. Тұрғындар жоспарлау жобасына қарсылық танытып, бір де бір құжатсыз салынып жатқан тұрғын үйдің құрылысы әлі де тоқтамағанын айтты. Қалалық сәулет бөлімінің басшысы Гүлсара Құрманғалиеваның айтуынша, қоғамдық тыңдауға 258 адам қатысқан. Оның хаттамасы жақын арада Қостанай қаласы әкімдігінің ресми сайтына жарияланатын болды.
Қымбат ДОСЖАНОВА
