Қостанайда Президент шыршасы өтті

Қостанайда Президент шыршасы өтті

Бүгін Қазақстанның мыңдаған баласы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ұйымдастырылған бас шыршаға шақырылды. Жаңа жылдық мерекеге оқу озаттары мен түрлі шығармашылық сайыстар мен спортта жетістігі бар 200 бала шақырту алды.

Дәстүрлі шыршада өңірдің барлық аудан-қаласы мен облыс орталығынан бүлдіршіндер мен балалар жиналған. Оқушыларды Мемлекет басшысы атынан облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтап, сый-сыяпат табыстады.

«Жаңа жыл – барлық адамды біріктіретін мереке. Осы залға облысымыздың түкпір-түкпірінен 200 оқушы жиналып отыр, барлығыңыз үлгілі оқушысыздар. Біреуі оқуда үздік болса, енді біреуі спортта немесе шығармашылықта жоғары жетістіктерге жеткен үздіктер қатарында. Әрқайсыңыз еліміздің басты шыршасының қатысушысы болуға лайықтысыздар. Армандарыңыз орындалып, жаңа жетістіктер мен жеңістерге жетулеріңізге тілектеспін!», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған оқушыны біріктірген Президент шыршасы – Жаңа жыл мерекесінің ерекше іс-шараларының бірі. 2005 жылы Қазақстан Президенті бастамасымен дәстүрлі түрде өткізіле бастаған бұл мереке оқушылар үшін жаңа жылдық ертегі әлеміне саяхат сыйлайды.
Мерекелік бағдарламаға ұласып, Қостанай қаласындағы «Алтынай» халықтық үлгі би ансамлінің кішкентай биші қыздарының биімен ашылды.

Салтанатты кеш театрландырылған музыкалық қойылыммен жалғасты. Балалар Алдар көсе және басқа да ертегі кейіпкерлерімен бірге қызықты оқиғаларға куә болып, мейірімділік пен адалдықтың маңызын түсінді. Мерекелік билер мен әндер де балалардың көңілінен шықты. «Dance time», «Шебер қыздар», «Куклы», «Мейрам келе жатыр» билеріне қосыла биледі. «Жаңа жыл» әнін балалар қосыла шырқады.
Балалар үшін интерактивті ойындар мен конкурстар ұйымдастырылып, олар жаңа жылдық ертегіге әлеміне еніп кетті.

Жаңа жылды асыға күтетін балғын балаларға арнайы мерекелік бағдарлама дайындалған. Ертегілер еліне елітіп, сиқырлар әлеміне саяхатты облыстық қазақ драма театрының әртістері бастады. Әрбір бүлдіршінге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
“Маған жаңа жыл мерекесі өте ұнады. Биыл бірінші рет қатысуым. Қостанай ауданы Айсары ауылынан шақырту алдым. Мектепте үздік оқимын. Мен олимпиадаларға қатысамын. Осындай мерекелік кешке шақырту алғаныма қуанып тұрмын. Сабақтан тыс уақытта спортпен айналысамын. Волейбол ойнаймын. Өзім сияқты құрбыларыма жақсы оқып, жаңа жылда жаңа табысқа жете беріңіздер, армандарыңыз орындалсын деген тілегімді білдіремін”, – дейді Айсары жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Камила Ибраш.

Мемлекет басшысының атынан 9 жастан 13 жасқа дейінгі дарынды балалар, жетім балалар және ата–анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар қатарындағы оқушыларға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан құттықтау хат, ұялы телефондар және «Легенды волшебной страны» кітабы мен сүйікті тәтті сыйлықтар табысталды.

Елімізде балалардың дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары жаңа мектептер, IT-сыныптар, робототехника кабинеттері ашылып, спорттық және шығармашылық үйірмелердің саны артты. Қостанай облысындағы “IQOSTANAI” оқушылар сарайы балалардың ғылым, өнер және киберспорт саласында өзін-өзі дамытуына мүмкіндік беріп келеді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу