Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ету, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерінің жолын кесу және анықтау үшін полиция облыс орталығында патрульдеуді күшейтті деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінен.
Қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Марат Сахратовтың айтуынша, кеше патрульге 40 автобақылау көлігі шыққан. Қабылданған шаралардың арқасында 139 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар жылдамдықты асырған, көлік жүргізу барысында ұялы телефонмен сөйлескен, қауіпсіздік белдігін тақпаған, бір жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталды. 11 автокөлік мамандандырылған тұраққа жіберілді.
Жыл басынан бері Қостанай қаласы аумағында 80 жол апаты болып, 5 адам қаза тауып, 87 адам жараланған. Статистикаға сәйкес, бүгінгі таңда облыс жолдарында 240 мыңға жуық автокөлік пайдаланылуда.
Жыл басынан бері облыс полициясы 48 мыңға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесті. 1,8 млрд теңге сомасында айыппұл салынды. Көліктерді мас күйінде басқарғаны үшін 707 жүргізуші ұсталды. Олардың 257-сі жүргізуші куәлігінен айырылып, 310-ны қамауға алынды.
Мұндай іс-шараларды полиция қызметкерлері тұрақты негізде, оның ішінде өңірдің басқа да қалаларында өткізетін болады. Патрульдеу кезінде жасырын патрульдеу әдісі де қолданылады. Оны қолданудың арқасында облыс орталығының жолдарында апатқа түсіп қаза тапқандар саны 44% – ға азайған.