Қостанайда облыстық ҚХА ХХХІІ сессиясы өтті (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Қостанайда облыстық ҚХА ХХХІІ сессиясы өтті (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Облыс орталығындағы ІQostanay оқушылар сарайында облыстық «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атауымен ҚХА қызметінің қорытынды есебін шығаруға арналған кезекті сессия жұмысы өтті.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов төрағалық еткен жиынға аудан-қала әкімдіктерінің, облыстық ҚХА, этномәдени бірлестік, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері, ерікті жастар қатысты.Биыл 25 сәуірде Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамбеясының ХХХІІІ сессиясы өткен еді. Сол жиында ел президенті жасаған баяндаманы талқылауға, алға қойылған міндеттерге ой жүгіртіп, пікір қозғау – бүгінгі облыстық сессияның басты мақсаты болды. Өңір басшысы жария еткендей, сессия жұмысында үш мәселе қаралды. Олар – этносаралық келісімді бекіте түсу мәселелері, этномәдени, қоғамдық бірлестіктердің қызметі және ҚХА-ның жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясына қосар үлесі, сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің маңыздылығы.   

Келер жылы ҚХА 30 жылдығын атап өткелі отырмыз. Этносаралық және конфессияаралық келісім – еліміздің баға жетпес байлығы. Мемлекет басшысы атап өткендей, бірлік, келісім және бейбітшілік мемлекеттің басты құндылығына айналып отыр. Азаматтық бірегейлік пен патриоттық тәрбиені бекіте түсудің мән-маңызы зор. Бұл тұрғыда Ассамблеяның атқарар рөлі зор, қызметі құнды. Оның мүшелерінің шынайы патриот, туған елге деген сүйіспеншілігі ерекше, өңіріміздің игілігі жолында еңбек етіп келеді. Қоғамда әлеуметтік жауапкершілік идеясы қанат жая бастады, – деді Құмар Ақсақалов сөз басында.

Облыстық ассамблеяның этносаралық келісім бағытындағы қызметін жандандыру және этносаралық коммуникацияның тиімді құралдарын қалыптастыру үшін этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің қызметі туралы облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Жанұзақ Аязбеков баяндама жасады. Ол жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды. Кеңестің қоғамдық, әлеуметтік, рухани саладағы маңызды іс-шараларға белсенді араласып келе жатқанын сөз етті. Сондай-ақ, «Достық үйі» аталатын ұйымға жаңа ғимарат бөлу жөнінде ұсыныс айтты.Бұдан кейін де әртүрлі бірлестік пен ұйым өкілдері сөз алып, тындырылған жұмыстардың есебін беріп, болашақ жоспарларын көпшілікпен бөлісті. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі жөнінде «Қостанай таңы» газетінің директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы баяндама оқыды. Ғасырлық тарихы бар қарашаңырақтың ұстанған бағыты мен ұлт руханиятының еңселене түсуіне сіңіріп жатқан еңбегін, тың жобаларын таныстыра өтті.

«Мемлекеттік тілге деген сұраныстың артып келе жатқаны бәріңізге мәлім. Осыдан отыз жылдай бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, қазір ілгерілеу бар, – деді Кенжеш Оразғалиқызы. – Өңірге тек қазақ тілінде ақпарат тарататын жалғыз басылым «Қостанай таңы» осы бағытта көптеген жұмыс атқарып келеді. Мәселен, газетте «Өзіңнен баста», «Мәртебелі тіл» деген арнайы айдарларымыз бар. Бұларда мемлекеттік тілді меңгерген Ассамблея өкілдері туралы, тілге қатысты ұйымдастырылған іс-шаралар жөнінде, оқырмандардың ашық ойлары туралы хабар-ошар, мәліметтер беріледі. Сондай-ақ қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен, газетте және әлеуметтік желілерде «ТүзеТілді» жобасы жалғасын тауып жатыр. Мұндағы мақсат – қоғамның қазақ тілінде қатесіз қолдану, ағасыз сөйлеу, сауатты жазу машығының қалыптасуына өзімізше үн қосу. Басылым міндетіне алған осы мақсат жолында жемісті жұмысын жалғастыра бермек».

Бұдан кейін мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері ортаға шығып, жастарды қазақ тілін үйренуге шақырып, рухты, жалынды сөздер айтып, көпшілік қошеметіне бөленді. Одан соң «Таза Қазақстан» акциясының өңірде жүзеге асу барысы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде баяндамалар тыңдалды. Жиын соңында көктемгі су тасқыны кезінде жапа шеккен халыққа көмек көрсетіп, белсенділігімен көзге түскен еріктілер облыс әкімінің қолынан Құрмет грамотасын алды.Толығырақ газеттің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.   

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу