Қостанай ауданының Тобыл қаласынан салынған манеж мүмкіндігі шектеулі балаларды иппотерапия әдісімен оңалтып, емдеуге мүмкіндік береді.Жаңа нысан заманауи талаптарға сай жабдықталған. Онда церебральды сал ауруы мен неврологиялық науқастығы бар адамдарды атқа отырғызу арқылы тепе-теңдікті, жалпы тірек жүйесін нығайтуға көмектеседі. Одан бөлек ат спортымен де шұғылдануға болады.
Нысанның ашылу салтанатына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, ҚР Паралменті Сенатының депутаты, Қостанай облысы ат спорты федерациясының төрағасы Ғауез Нұрмұхамбетов, Бас хатшы – Қазақстанның ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Вице-президенті Тастанбек Есентаев және қала тұрғындары қатысты.
Нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 800 млн теңге бөлінген. Жабық манеждің аумағы 3000 шаршы метрді құрайды. Жалпы облыста 1200-ге тарта бала сал ауруымен ауырса, науқастар алдағы уақытта осы жерде атқа міну арқылы ем қабылдайтын болады.
– Еліміз бойынша бес жабық манеж бар еді, алтыншысы Қостанай облысында ашылып отыр. Өкінішке қарай, облыста церебральды сал ауруымен, неврологиялық науқастығы бар мыңнан астам бала бар. Енді ол балалар иппотерапия әдісімен жабық манежде ат үстінде ем қабылдай алады, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Спорт нысанының жетекшісі Илмира Карибжанованың айтуынша, ем алушылар жетісіне екі рет 25 минуттан атқа мінеді екен.
– Иппортерапия ілімін игергенмін. Осы уақытқа дейін өзімнің атыммен ақылы негізде балаларды емдеп келдім. Енді жаңа нысанда келушілер тегін емделеді. Жасалған емнің нәтижесін 3-4 айда байқауға болады. Одан бөлек, ұлттық ат спортымен шұғалданам деушілерге де есігіміз ашық, – дейді иппотерапия нұсқаушысы Илмира Карибжанова.
Сералы Мырзабай
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ